Алматыдағы Баум тоғайында жайқалып тұрған 16 ағаш оталған

Алматыда Баум тоғайы төңірегінде дау-дамай басылмай тұр. Өткен аптада белсенділер заңсыз ағаш кесілгенін айтып дабыл қақса, қала тұрғындары белгісіз біреулер тоғайды өртеп жібермек болды деп отыр. Айта кетейік, Баум тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіреді. Мұнда ағаштың 250 мың түрі өседі.
Ағаштың заңсыз кесілгені келесі күні-ақ әшкереленді. 16 ағаш бүлінген, бесеуі арамен кесілген. Бұзақылардың қолданған құралдары табылды. Қазір құқық қорғаушылар тексеріп жатыр.

ҰЗАҚ МЫҚИТАНОВ, «МЕДЕУ» МӨТП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бесеуі кесілген, он бірі арамен зақымдалған. Кіммен, немен істелінгені жайлы ешқандай мәліметіміз жоқ. Осы бойынша мемлекеттік инспекторымыз Түрксіб аудандық полиция бөлімшесіне арыз жазды. Түнгі уақытта болған, ертеңгі күні анықталды.

Бір қызығы, қаскүнемдік табиғи нысанды қайта жаңарту жұмыстары кезінде болып отыр. Қала билігі Баум тоғайын қайта түлетуді қолға алған. Онда автосуару жүйесін орнатып, велосипед пен жаяу жүргіншілерге арналған жол салу, жарық шамдарын қою және аумақты абаттандыру жоспарланған еді. Бірақ заңсыз ағаш кесіле бастады.

ТИМУР ЕЛЕУСІЗОВ, KAZ ECO PATROL ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Өрт қою немесе заңсыз кесу – қасақана жасалатын әрекет. Бұл бәсекелестердің ісі болуы мүмкін не болмаса қайта жөндеуге қарсы адамдардың әрекеті шығар. Кейде мұндай істер қоғамда резонанс тудыру үшін әдейі жасалады. Жалпы, болжам көп әрі мұндай іске бара алатын адам да аз емес.

Вандализм дерегі Баум тоғайы төңірегіндегі пікірталас кезінде тіркелді. Біреулер қайта жаңғыртуды қажет шара деп санаса, кейбірі бұл бірегей экожүйеге зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды. Қаскүнемдер ағашты оңды-солды кесіп жатыр. Ал жұмысшылар жасыл желекті қайта қалпына келтіруге мәжбүр. Жобаны жаңартуға кәсіпкерлер 4,7 млрд теңге бөлген. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр.
———————————————