Археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құрылатын болды. Бүгін Мәжіліс тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай отырысында берген археологиялық қызметті ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін депутаттар бастамашы болды.
Елімізде археология саласындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалануда қордаланған мәселе көп екен. Әсіресе лицензиялауда. Бұған дейін рұқсат мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен қатар айналысуға беріліп келген. Бір рет лицензия алған ұйымның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме оны ешкім тексермеген. Шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызды оңды-солды қазып, жер қойнауын астан кестен еткендер көбейген. Депутаттар мәдени мұраны қорғап қалу үшін заңды күшейту керек деп отыр.
БАЗАРБЕК БАҚЫТЖАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қаншама сақ қорғандары бар, мысалы, Түркістан облысында Қатон деген ескерткіш, Тастоған деген қорым бар. Оның барлығын жермен-жексен еткен.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Қызылордада Сауысқандық деген петроглифтердің ашық аспан астындағы музейі бар. Барсам, шетелдің адамдары келіп, петроглифтерді бұзып, өздерімен әкетіп жатыр.
Депутаттар күйіп-пісіп мысалға келтірген Жер кодексінің 127-ші бабында «Археологиялық қазба табылған жағдайда жердің меншік иесі жерді игеруді, пайдалануды тоқтатуға тиіс» екен. «Бірақ елімізде жермен-жексен етілген тарихи мәдени орындар үшін ешкім жауап беріп жатқан жоқ», — дейді Мәжіліс депутаты. Сондықтан саланы бір жүйелі етіп үйлестіру үшін Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтында «Ұлттық археологиялық қызметтің» орталығы ашылмақ.
Енді археологиялық жұмыстар үшін екі түрлі лицензия беріледі. Қазба жұмыстары және реставрацияға. Құжатта археологиялық жұмыстар нәтижесінде бұзылған жер учаскелері мен басқа да табиғи объектілерді міндетті түрде қалпына келтіру ережелері нақтыланады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.