Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жобалармен танысып, бірқатар өндіріс орны мен инфрақұрылым нысандарын аралап көрді.
 Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыр еліне сапары жаңа әуежай терминалымен танысудан басталды. Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды. Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылды. Қазір «Қорқыт ата» әуежайы арқылы жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін өте алады.
Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынған. Инвестиция демекші, Президентке облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жайы да баяндалды. Соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Жеке инвестицияның үлесі – 70 пайыз. Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» бойынша атқарылған жұмыс, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде де мәлімет берілді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 — Аудандарда да жалғасын табуда. Аудандарда, елді мекендерде де абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қазір қарқынды жүруде.
 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
 — Жалпы, бұл облыстың дамуы жақсы, жоғары қарқынмен дамып келе жатыр.
 Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген Мемлекет басшысы өңірдегі Өнер орталығына да барды. Мұнда 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
 — Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек
Алдағы үш жылда Қызылорда облысында құны 2 триллион теңгеге жуық 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілген.
 ———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.