Жасанды бейне мен дауыс: дипфейкке заң жүзінде тосқауыл қою ұсынылды

Дипфейк қаптап кетті. Бұл жағдайды тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер деп санаймын деген Сергей Пономарев Цифрлық даму және ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Ол жасанды интеллектіні пайдаланып бейне мен аудио дыбысты айнытпай жасап, ғаламторда жариялайтындарды жедел анықтап, бұғаттайтын механизм енгізу керектігін ұсынды.
Депутат мұндай жағдайлар тек қарапайым адамдарға ғана емес, қоғамда танымал тұлғаларға да қатысты болып жатқанын айтты. Ол тіпті өзі де дипфейк технологиясының құрбаны болған. Айтуынша, оның түрін де, нақты дауысын да келтіріп, ақша сұраған видео тарапты. Монтаждың шебер жасалғаны сонша, туысқандары да сеніп қалған. «Сондықтан оңды-солды тарап жатқан түрлі жалған ақпаратқа тосқауыл қойылмаса, бұның түбі жақсылыққа апармайды», — дейді.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ⁠:
— Белгілі саясаткерлерді, кәсіпкерлерді, тіпті еліміздің Президентінің бейнесін қолдан жасағанды да көрдік. Егер жалған үндеу немесе мәлімдеме түріндегі дипфейк таралса, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп. Мұндайды қаржы алаяқтары да қолданып жүр. Жақынының дауысын естіп, көмек сұраған хабарлама алғанда, әсіресе егде жастағылар алданып қалып жатады.

Депутат Пономарев сурет пен бейнематериалдардың шынайылығын растау жүйесін құруды ұсынды. Айтуынша әлем елдері бұл бағытта нақты шаралар қабылдап жатқан көрінеді. Ал сарапшылар алаяқтарға алданып қалмау үшін олар хабарласқанда мұқият болуға шақырады.

ЕВГЕНИЙ ПИТОЛИН, QAZTECH АЛЬЯНСЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ТЕҢТӨРАҒАСЫ:
— Алаяқтардан қорғану үшін ең бастысы – олардың айласына түспеу. Яғни алданбауға тырысу керек. Бұл үшін түрлі тәсіл бар, бірақ ең негізгі құрал – сыни ойлау мен мұқият назар аудару. Мысалы, егер адам видеода біртүрлі жыпылықтаса, бет қимылы мен сөзі бір-біріне сәйкес келмесе – бұл күмәнді. Сондай-ақ өңі біркелкі болмай, маңдай мен бет ортасы әртүрлі реңкте болса, ауыз ашылғанда тіл мен тіс көрінбей, қара дақ байқалса – бұл да жасанды видеоның белгісі.

Сарапшының айтуынша, алаяқтар телефон шалған кезде дауысына да көңіл бөлу қажет. Сол сәтте көбіне жеңіл тұтығу болады. Интонация табиғи болмайды. Бұл – өңделген бейнежазба деген сөз.
———————————————