Ақтөбеде тозығы жеткен үйдің тұрғындары бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деген қауіппен өмір сүріп келеді. Іргесі өткен ғасырдың 30-шы жылдары қаланған баспананың қабырғалары қақырай бастаған. Бұл үйде жай тұрғындар емес, ғалым, профессорлар тұрады.
 90 жасты толтырған Бақтыбай Өтемісов тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, білім саласының ардагері және тыл еңбеккері. Қарияның бір басына алған марапаттары мен құрметі жетіп жатыр. Еліміздегі ғылым саласының дамуына сүбелі үлес қосқан оқымыстының үйінің бүгінде күйі болмай тұр. Соңғы 10 жылдан бері тұрып келе жатырған баспанасының төбесінен су саулап тұр.
Тұрғындар шенеуніктерден көмек күтеді. Өйткені өз күштерімен жөндеу жүргізу мүмкін емес. Қыруар қаржыны тауып та бере алмайды. Көмек күтіп жүргенде аймақта үш басшы ауысты. Алайда, мәселе сол күйінде. Бұл үйде негізінен ғалым, профессор тұрады. Алайда, оқымыстылардың ойлағаны болмай тұр. Мысалы, үшінші қабатта тұратын Мария Казакованың үйінің ішінен аспан көрінеді.
МАРИЯ КАЗАКОВА, ТҰРҒЫН:
 — Бұдан әріге қалай төзуге болады? Қолымыздан келгенше шатырды қаңылтырмен қаптадық, шифермен де жауып көрдік. Еш нәтиже жоқ, әрине. Қабырға мен төбедегі тесіктен дала көрінеді. Үйіміз көз алдымызда шөгіп барады. Кірпіштері әбден мүжіліп, құлап жатыр. Мына қабырға құласа, біз ашық далада қаламыз.
Тұрғын үй инспекциясының мамандары 27 пәтерлі, 90 жылдық тарихы бар үй апатты емес, тек күрделі жөндеуді қажет етеді дейді. Олар тұрғындарға термомодернизация тәсілін ұсыныпты. Алайда, соңғылары несиені төлеуге қауһарымыз жоқ деген. Келісімге келген күнде пәтердің әр шаршы метріне қарай 7 жыл бойы айына 7 – 15 мың теңге төленуі керек.
Тұрғындар енді не істерге білмей дал. Олар билік басындағылар бұл мәселенің бір шешімін табады деген үмітте.
 ———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.