Желіде әлімжеттік күшейді: балалар кибербуллингтен зардап шегіп жатыр

Жасөспірімдерге желіде қысым күшейді. Келемеждейді, балағаттайды, сынайды. Бұның жазасы бар. Балалар буллингіне тележүргізуші де, психолог та, заңгер де алаңдап отыр. Виртуалды кеңістіктегі көрінбейтін қақтығыс жайында тілшіміз баяндасын.
Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан қоғамда кибербуллинг мәселесін ашық көтерді. Бұған әнші Қайрат Нұртастың қызы Алау есімді жасөспірімге бағытталған дөрекі пікірілер себеп. Журналистің айтуынша, әлеуметтік желідегі әлімжеттік балалардың психикасына ауыр соққы тигізеді.

ДИНАРА СӘТЖАН- ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
— Мен Алауды жақсы танимын, өте сыпайы, тәрбиелі қыз. Бірақ желідегі балағат үшін бірнеше рет жылағанын көрдім. Сол себепті бұл өзекті. Алау сияқты қаншама жасөспірім әлеуметтік желіде қысым көріп жүр. Бізде заң бар, кибербуллинг үшін жауапкершілік қарастырылған. Әсіресе ересектердің қылығы қауіпті. Өз-өзіне қол жұмсау осы буллингтен болады.

Бұны психологтар да растап отыр. Ғаламтордағы мұндай қысымға дер кезінде тосқауыл қойылу керек. Жасөспірімнің психикасы келемеждеуді көтере алмайды.

АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ:
— Көп жағдайда әлеуметтік желідегі қатыгездік – өз-өзіне деген сенімсіздік пен жанайқайдың көрінісі. Адам жағымсыз эмоциясын бейкүнә балаға көрсетеді.

Елімізде буллинг пен кибербуллингке қарсы нақты заң бар. Әлеуметтік желіде баланың жеке басына тиісіп, балағаттап, жала жапқандар жазасыз қалмайды. Мамандар ата-ана мен ұстазға жауапкершілік жүктелетінін айтады.

ЛӘЗЗАТ ЕСМҰХАНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БҚҚК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі өзекті. Ата-ана өз баласының пабликтерде қысымға ұшырап, қорланып жүргенін білмеуі мүмкін. Білім беру мекемелері профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. «Киберқадағалау» атты арнайы ақпараттық жүйе бар. Күмәнді парақшалар анықталса, сол жүйе арқылы сілтемелерді жіберіп, тексеру жүргіземіз.

Заңгерлердің айтуынша, желідегі әлімжеттік үшін жауапкершілік 16 жастан бастап қарастырылады. Ал жасөспірімнің жасы бұдан кіші болса, жауапқа ата анасы тартылады.

СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР:
— Егер балағат сөз желідегі белгісіз парақшадан жазылған болса, оны құқық қорғау органдары еш қиындықсыз анықтап береді. Кибербулллинг бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Сондықтан мұндай жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз. Тіпті моральдық шығын өндіре аласыз.

Мамандар кибербуллинг қоғам мен мемлекет бірлесе шешетін ортақ міндет екенін айтады. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік – әр баланың жарқын болашағының кепілі.
———————————————