Алматы – Ташкент – Термез автожолының бір бөлігінде жөндеу басталды

Жамбыл облысында алғаш рет «Алматы – Ташкент – Термез» республикалық маңызы бар автожолының бір бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Соңғы рет бұл трассада орташа деңгейдегі жөндеу 7 жыл бұрын жүргізілген. Шұрық тесік жолға жүргізушілер мен тұрғындар жиі шағымданатын. Осыған байланысты ұзындығы 12 шақырым жаңа магистраль құрылысы басталды. Оған шамамен 7 миллиард теңге бөлінген. 100-ден астам адам мен 80 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жартысы толықтай төселіп біткен. Жоба келесі жылы толық аяқталады. Айта кетейік, жөндеу жұмыстары негізі былтыр басталуы керек-тін. Мердігер компания да анықталып қойған. Алайда оның жұмыс күші мен техникасы жеткіліксіз болғандықтан келісімшарт бұзылды.
———————————————