11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынып жатыр

Қазақстанда 11 жастағы қыздардың 64%-ы адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған. Ал толық екпе салдырған жасөспірімдердің саны – 30%. Бұл деректерді бүгін денсаулық сақтау министрлігі келтірді. «Иммундаудан кейін жағдайы нашарлаған бала болған жоқ», дейді мамандар. Ведомство биыл 11 жастағы 175 мың қыз балаға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салуды жоспарлап отыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Адам папиллома вирусына қарсы екпе 11-ден 13 жасқа дейінгі қыздарға тегін егіледі. Вакцина мектептер мен емханаларда ата-аналардың жазбаша келісімімен жасалады. Мамандардың айтуынша, бұл жас кезеңі – ағзаның вирусқа қарсы ең жоғары иммундық жауап бере алатын уақыты.

Динара Тоқтоғожаева – 12 жастағы қызына вакцина салдыруға келісім берген ата-ананың бірі. Өзі де медицина қызметкері болғандықтан, әр екпенің қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Сондықтан үлкен қызы Аяулымды бүгін емханаға әкеліп, адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның екінші дозасын салдырды.

Қазақстанда қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу науқаны басталғанына тура бір жыл болды. Содан бері 108 мың оқушы екпенің екі дозасын да алған. Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, биыл 11 жасқа толған 175 мың оқушыға осы екпе салынуы тиіс. Вакцинация – жатыр мойны обырына алып келетін инфекциялардың алдын алу шарасы. Дәрігерлердің айтуынша, дерттің дамуы жұқтырғаннан кейін 15-20 жылға дейін созылуы мүмкін, сондықтан қыз балаларға екпені ерте жаста салдыру ұсынылады.

АИДА АҚЫБАЕВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ:
— Не үшін жас қыздарға салынады? Себебі алғашқы жыныстық қатынас басталмай тұрып, адам папилломасы вирусына қарсы екпені алу керек. Адам папиллома вирусы жыныстық қатынас арқылы беріледі. Егер ол жұқса, бірнеше жылдан кейін жатыр мойынының обырына әкелуі мүмкін. Екпе екі дозамен салынады. Екінші дозасын алты айдан кейін алады.
Гардасил екпесі АҚШ-та өндірілген. Әлемнің 75-тен астам елі қолданады. Ол мемлекеттерде жатыр мойны обырының көрсеткіші төмендеген. Балаларды мәжбүрлеп екпе салдыру болмайды. Ата-ананың келісімімен ғана жүргізіледі. Егер ата-анасы рұқсат етсе, қыз балаға вакцина егіледі, ал қарсы болса, екпе салынбайды.

Денсаулық сақтау министрлігі қыздарға ғана емес, болашақта ұл балаларға да екпе салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі адам папиллома вирусын таратушының бірі – ер адамдар. Ал жасы 13-тен асқан қыздар мен әйелдер бұл вакцинаны жеке клиникаларда ала алады. Бағасы 90 мыңнан басталады. Дәрігерлер екпені 45 жасқа дейін салдыртуды кеңес етеді.
———————————————