Алматы облысының Райымбек ауданында ғасыр жасаған тұрғын көп. Мәселен, Қаратоған мен Жамбыл ауылында жасы жүзден асқан төрт қария болса, 90-ға келгендердің саны 30-ға жеткен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Райымбек ауданы бойынша тоқсаннан асқан қариялар мен кейуаналардың саны 200-ге жуықтайды екен.
Райымбек ауданы, Қаратоған ауылының тұрғыны Мэлс Әлімбеков жасы тоқсанға келсе де, отын жарып, көмір тасып, пешті өзі жағады. Қолдағы малды да өзі жайғауға тырысады. Өйткені ол ауыр еңбекке ерте араласқан. Колхозда ұзақ жылдар бойы механизатор болып, зейнетке шыққан қария: «Қол қусырып, үйде жататындар аурушаң келеді. Адам үнемі қимыл-қозғалыста болуы керек», — дейді.
Жамбыл ауылының тұрғыны Нұрғали Көпесбаев та жастайынан трактор айдап, 1987 жылы құрметті демалысқа шыққан. «Байынқол өзенінің жағасында қасиетті бастау бар. Біз ауызсуды бертінге дейін сол бастаудан тасып іштік», — дейді ол. Нұрғали ата екі айдан соң 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.
НҰРҒАЛИ КӨПЕСБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ұзақ өмір сүрудің сыры, біріншіден, Алланың берген жасы. Екінші, судың тұнықтығы, ауа райының жақсылығынан ұзақ өмір сүреді. Адамның, жан-жануардың барлығы сол. Ал күн ыстық, суық жерлердегі адам жасын есептеп көрсең, онша ұзаққа бармайды. Алды 70, 60 жаста қайтыс болып жатқанын естиміз.
Жамбыл, Қаратоған мен Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылы Байынқол өзенінің жағасында орналасқан. Бұл өзеннің басында алтын кені бар. Алтын шайған өзен болғандықтан тұрғындары әлі күнге дейін Байынқолдың суын тұндырып ішуге тырысады. Әйтпесе аталған шалғай ауылдарға 2-3 жыл бұрын орталықтандырылған ауызсу құбыры тартылған. Кеген мен Райымбек ауданының халқы көгілдір отынның қызығын көретін күн де алыс емес. Алдағы жылы мұнда табиғи газ құбыры тартыла бастайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.