Жамбыл облысына қарасты Күшаман ауылының балалары әкімдік ғимаратында оқып жатыр. Себебі екі қабатты бұрынғы білім ошағы апаттық деп танылған. Енді ол сүріледі. Ал әзірге 120-дан астам оқушы мемлекеттік қызметшілер отыратын нысанды паналап жүр. Ол жерде балабақша, кітапхана және полиция бөлімшесі де орналасқан.
Ескі ғимарат, тар бөлме. Күшаман ауылының оқушылары осындай жерде білім алады. 123 балаға әкімдік ғимараты тарлық етуде. Жасөпірімдер аядай ғана жерде қысылып-қымтырылып сабақ оқиды. Спортзал болмаған соң, далада шынығады. Яғни жастардың сапалы білім алуына мұнда жағдай жасалмаған.
НҰРЖАН СӘДЕНОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Оқып жатқан негізгі мектебіміз 2025 жылы наурыз айында апатты болып танылып, содан осы жерге көшірілдік. Қорытындысы бойынша жарамсыз. Сол себептен бізді осы жаққа орналастырды. Қазіргі таңда 123 оқушымыз бар, 20 тәрбиеленушіміз бар. Екі ауысымда 6 кабинетте оқып жатырмыз.
Ауылда жарамды жағыз ғимарат осы. Сол себепті бес мекеме бір шаңырақ астында. Яғни мектептен бөлек мұнда балабақша, кітапхана және полиция бөлімшесі бар. Ұстаздар болса, дәлізде сабаққа дайындалады.
НҰРКЕН ЖҰМАНАЛЫ, МҰҒАЛІМ:
— Мәселе оңып тұрған жоқ. Әжетхана да сыртта, оны өзіміз жасап алдық. Ерлер мен әйелдерге бөлек етіп, мұғалімдер өз күшімен тұрғызды.
Ауылда алдағы уақытта жаңа мектеп салынады. Жауаптылар оның жобасы дайын екенін жеткізді. Жоспар бойынша білім ошағының құрылысы екі жылда аяқталмақ.
МӘЛІК МҰҚАШЕВ, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Сметалық жобалары сәуір айының 19 күні жасалған. Облысқа ұсынылған. Жол картасы бойынша 2027 жылға деп жоспарланып отыр. Оның сыйымдылығы 100 оқушыға есептелген.
Айта кетейік Мойынқұм ауданында бұдан бөлек бір мектеп апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ күрделі жөндеуді қажет ететін білім ұясы тағы бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.