Түркістан облысында шаруалар уәде етілген субсидияны ала алмай отыр

Түркістан облысында жеңілдетілген несиеге үміт артқан шаруалар тығырыққа тірелді. Аймақтың төрт мыңнан астам тұрғыны ауыл шаруашылығын дамыту үшін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Алайда соңғы бес айдан бері облыстағы тиісті басқарма уәде еткен субсидияны төлемей отыр. Енді шаруалар 6 пайыздың орнына 22 пайыздық үстемемен төлеуге мәжбүр. Ал төлем қабілеті жетпегендердің аграрлық несие корпорациясына берешегі көбейіп барады.
Түркістанға әр өңірден келген ондаған шаруа жиналып, мыңнан астам ауыл еңбеккерін алаңдатқан мәселені жеткізді. Барлығы да аграрлық несие корпорациясынан 22 пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Ал бастапқыда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 6 пайызын өздеріңіз төлейсіздер, қалғаны жергілікті бюджет есебінен субсидияланады, деп сендірген. Алайда, уәде орындалмай, шаруалар қарызға батып отырғанын айтады.

СЕЙДОЛЛА ҚҰЛМАНОВ, ШАРУА:
— Менің өзімнің төлейтінім 500-ақ мың ақша еді. Ал мен 1 млн 650 мың төледім. Енді желтоқсанда төлеуім керек. Егер оларды қосып есептесек, 6 млн 100 мың болады. Төлей алмаймын оны.

Қазір шаруаның әрқайсысы несиені шамасына қарай өтеп жатыр. Кепілге қойған мүлкінен айырылып қалудан қорыққандары 22 пайыздық үстемемен төлесе, кейбірі бастапқы уәде бойынша тек 6 пайызын ғана аударым жасаған. Ал мүлде төлей алмай жүргендерге несие ұйымы жиі ескерту хат жіберіп, қарызды толық өтеуді талап етіп отырған көрінеді.

АРМАН ТҰРЛЫБЕКОВ, ШАРУА:
— «20 күн бұрын төлесең, субсидияң түседі» деген соң шілденің 20-сы күні төлеп қойғам. 3 ай болды, маған: «Субсидияның ақшасын өзің төлейсің», — деп күнде хабарласады. Ал бізді басында 6 пайызбен сендіріп алды. Олай болғанда мен 20 млнды кепіл қоймай-ақ алатын едім ғой.
Шаруалардың мәселесін тыңдаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары жағдаймен танысып, мәселенің туындауына қаржының дұрыс жоспарланбауы себеп болғанын мойындады.

ЖОРАБЕК ЖОЛДАСБЕКОВ, АШБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Несие алушылардың санының көбеюінен болып тұр. 5 мыңға біз жүктеме жасағанбыз. Ал қазір ол 3 мыңға дейін ол жоғарылап отыр. Қосымша қосылып отыр. Қазір қосымша қаражат сұрап жатырмыз. Қосымша қаражат берілген жағдайда несие үстемесін төмендету бойынша төленіп берілетін болады.

Дегенмен төлемнің нақты қашан жасалатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ қаржы бөлініп, субсидия төленген күннің өзінде осы уақытқа дейін жиналған пайыздық өсім мен айыппұлдар мемлекет тарапынан өтелмейтіні айтылды.

———————————————