Әлеуметтік қызметкер болу – жай жұмыс емес, ол – үлкен жүрек пен төзімділікті қажет ететін мамандық. Семей қаласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жиырма жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан Салтанат Бисикеева – осы сөздің нақты дәлелі.
Салтанат Бисикеева күнін мейірім мен қамқорлықтан бастайды. Ол орталықтағы әрбір қызмет алушының жай-күйін біліп, көңілін аулайды. Бөлімшеге кірсе, тұрғындар туысын көргендей қуанып қарсы алады. Бірі қолынан ұстап, бірі күлімдеп әңгімеге тартса, енді бірі сырын ақтарады. Ал біздің кейіпкеріміз әрқайсысына жылы сөз айтып, жан жылуын сыйлауға тырысады.
САЛТАНАТ БИСИКЕЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ МАМАН:
— Әрқайсысына кішкене болса да, мейірім сыйлағың келеді. Жақында туған күнімде бәрі бір ауыздан «құттықтаймыз» деген кезде жүрегім елжіреп кетті. Осындай шынайы ықылас пен позитив алу – нағыз бақыт. Мен өз жұмысымды сүйемін және оған шын көңілім толады.
Салтанат Бисикеева жиырма жыл бойы Семейдегі №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында еңбек етіп келеді. Биыл оның қажырлы еңбегі еленіп, «Еңбек ері» медалімен марапатталды.
Абай облысында бүгінде 26 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, бұл сала – ең күрделі әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін бағыт.
АЙМАН НҰРЛЫБЕК, ЖҚӘБ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жұмыстары өте қиын. Өйткені қазіргі таңда көбіне мүгедектігі бар азаматтар келеді. Олар – психо-неврологиялық ауытқулары бар азаматтар. Өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жалғызбасты қарттар бар. Жұмыстары өте ауыр.
Өңірде 24 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат, соның ішінде үш мыңға жуық бала бар. Ал арнайы әлеуметтік көмек алушылардың жалпы саны бес мыңнан асады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.