Астаналықтардың 40 пайызы спортпен айналысады. Жаз бойы қала ауласында тегін жаттығу алаңдары ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғын белсенді өмір салтын таңдаған.
 Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтар спортпен орта есеппен аптасына екі рет айналысады дерек келтірді. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі. Айталық, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облысы тұрғындары қимыл-қозғалысқа өте ширақ екен. Ал Астаналық зейнеткер Қуатбек Сәрсенбаевтың бір күні жаттығусыз өтпейді.
Салауатты өмір салтына бет бұру байқалады. Алайда спорт залының қызмет ақысы да аспандап тұр. Биыл жаттығу залына абонемент бағасы 9,5 пайызға, ал оқушыларға арналған спорт үйірмелеріне қатысу 11,5 пайызға қымбаттады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облысында қызмет көрсету, жалға беру құны өскен. Ал Елордада бұқаралық спортты дамытуға арналған түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Аула фит» бағдарламасы. Жаз бойы 30 аулада тегін спорттық алаң ұйымдастырылған. Оған 5 мыңнан астам тұрғын қатысқан.
Сала мамандарының айтуынша, елорда тұрғындарының 40 пайызға жуығы спортпен айналысады. Көпшілігі түскі үзіліс уақытын тиімді пайдаланып, ашық спорт алаңдарына келіп жаттығады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
 — Біз қазір Астанадағы ашық спорт алаңдарының біріндеміз. Мұнда спортпен шұғылданып жатқан тұрғындар көп. Мамандардың айтуынша, күнделікті бірнеше минуттық жаттығудың өзі адам денсаулығына зор пайдасын тигізеді. Мәселен, мен жасап жатқан мына қарапайым жаттығу аяқ бұлшықеттерін шынықтыруға арналған.
Биыл Астанада 3 жаңа спорт нысаны халық игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы екі кешен пайдалануға берілмек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.