Астаналықтар емханаға тіркеле алмай, ақылы емделуге мәжбүр

Үй жақтағы емханаға тіркеле алмай жүрмін. Астана тұрғыны осылай деп біздің тілшілерге шағымданды. Айтуынша, өзі тұратын аудандағы медициналық мекемедегілер мұны тіркеуден бас тартқан. Оған не себеп? Емханаға тіркелу процесі қашан және қалай жүреді?
Елорда тұрғыны екі жылдан бері үйінің қасында орналасқан емханаға тіркеле алмай жүр. Ондағылар орын жоқ деп мұны тіркемей қойған. Қазір ол ақылы дәрігерге қаралып, дәрілерін де өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Ал жүгінген жеке клиникада қажет мамандар жоқ, қызмет сапасы да көңіл көншітпейді дейді.

Мұндай жағдайға тап болған жұрт аз емес. Еркін тіркелу науқанын пайдаланып, тұрғындар өздерін және балаларын үйіне жақын емханаға тіркеуге талпынғанымен, кейбірі орын жоқ деген жауап алған. Дәрігерлердің айтуынша, биылдан бастап бір учаскеге тіркелетін тұрғындардың ең жоғарғы шегі өзгерген. Енді бір дәрігерге 1 мың 700 адамнан тіркеледі, әрі кетсе 2 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Одан асып кетсе, медициналық мекеме тұрғынды тіркей алмайды.

Емханаға тіркелу процесінде тағы қандай өзгерістер бар? Біріншіден, жаңадан көшіп келгендер міндетті түрде тіркеуге алынады. Екіншіден, жас босанған әйелдер мен балалар тіркелген жері емес, нақты тұратын жері бойынша тіркеледі. Үшіншіден, студенттер бұрын ректордың өтінішімен тіркелсе, енді өзі тұратын жерінде тіркеле алады. Төртіншіден, еркін тіркелу науқаны кезінде тұрғын өзі қалаған емхананы тек сол аудан ішінен таңдай алады. Басқа ауданнан емхана таңдау мүмкіндігі жоқ.

Емханаға еркін тіркелу науқаны жыл сайын 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін өткізіледі. Азаматтар eGov порталы арқылы немесе тікелей өздері таңдаған медициналық ұйымға барып өтініш бере алады. Жауап бір күннің ішінде келеді. Ал жаңа емханада қызмет көрсету келесі жылдың 1 қаңтарынан басталады.

———————————————