Депутаттар пранк жасаған блогерлердің парақшасын бұғаттауды ұсынды

Елімізде пранк жасаған блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттау ұсынылып отыр. Депутаттардың айтуынша, кейбір пранк немесе әзіл видеолар қайғылы жағдайларға әкеліп соғады.
Мына кадрларда үш жігіт көпқабатты үйдің жеделсатысына біреудің мәйітін әкеліп жатқандай болып көрінеді. Бұл – көптеген әзіл видеоның бірі ғана. Ал кезекті бейнежазбада жігіт лифт ішінде жараланған адамның бейнесін жасап, өзіне шабуыл жасалғандай кейіп танытады. Осындай әзіл ретінде түсірілген көріністер кездейсоқ адамдардың қатты қорқып, күйзеліске түсуіне себеп болған. Пранк жасаушылардың мұндай әрекеттері депутаттарды да алаңдатып отыр.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп, әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Ойыннан да омыртқа сынатынын білмейтін мұндай блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл – жеке адамның өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу.

Мұндай пранк үшін жауапкершілік бар екенін полиция да еске салады. Контент әдеттегі әзіл мен көңіл көтерудің шегінен асып, авторлар агрессия, арандату немесе зорлық-зомбылық көріністерін қоюға барса, бұл олардың да, өзге адамдардың да өміріне қатер төндіреді. Ал мұндай әрекеттер айыппұлмен немесе қамауға алумен аяқталуы мүмкін. Осындай деректер бойынша соңғы алты айда 24 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ШЫҢҒЫС ӘЛЕКЕШЕВ, ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Мұндай әрекеттердің авторлары өздерін де үлкен қауіпке тігеді. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, адамдар арасында үрей тудыру немесе зиян келтіру, сондай-ақ адам қадір-қасиетін қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Депутаттар мұндай жағдайларда қатаң шара қолдануды ұсынуда. Мәселен, осындай пранк жасаушылардың тізімін жасап, оны жариялау, сондай-ақ пранк жасаған блогерлердің парақшаларын бұғаттау ұсынылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің әкімшілерін мұндай бейнежазбаларды жедел анықтап, уәкілетті органдарға хабарлап отыруға міндеттеу көзделіп отыр.

———————————————