Сәтбаевтағы көпқабатты үйде өрт шықты

Сәтбаев қаласында төтенше жағдай болды. Түн ішінде көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерде өрт шықты. Тұрғындар тегіс шырт ұйқыда жатқан. Жан-жағын от жалмай бастаған пәтерде анасы мен үш кішкентай бала болған. Тілсіз жауды байқап, көмекке ұмтылған патрульдік полиция қызметкерлері оларды құтқарып қалды.
Түнгі сағат екілер шамасында патрульдік взвод қызметкерлері Әсет Әбдуәқитов пен Нұрболат Нұрғабыл кезекшілік атқарып жүрген. Сол кезде олар көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтер терезесінен шыққан отты көріп қалады. Полицейлер бірден қызыл жалын жалаңдаған үйдің подъезіне қарай жүгірген. Осы кезде көмек сұрап айқайлаған әйелдің жан дауысын естиді. Екі инспектор жалма жан балаларды құтқаруға ұмтылған.

НҰРБОЛАТ НҰРҒАБЫЛ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ ИНСПЕКТОРЫ:
— Ішке кірген кезімізде алдымыздағы бөлмеден қыз баланың дауысы шықты. Ол қыз баланы көрпенің астынан далаға алып шықтық. Екінші бөлмеге өте алмаған соң, үйден шығып, терезе арқылы кіріп, 2 жасөспірім баланы құтқардық.

Тілсіз жау пәтер ішін тегіс жалмаған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына бірнеше минуттан кейін келіп, жалынды толық сөндіріпті.Тұрғындар инспекторлардың батылдығына сүйсініп, батырға теңеп жүр. Полицейлер болса, ойланып тұруға мұршамыз да болмады дейді.

ӘСЕТ ӘБДУӘҚИТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ ИНСПЕКТОРЫ:
— Анасы бізден көмек сұрады. Ойланбастан пәтерге кірдік. Есікті ашқан бетте өрт өршіп кетті. Сонда да баланы алып шығу бізге міндет болды. Ойланатын уақыт болған жоқ.

«Қас қағым сәтте бастарын қатерге тіккен екі инспектор кәсіби әрекет етті», — дейді әріптестері. Пәтері от құшағында қалған келіншектің балаларын құтқарған сақшыларға алғысы шексіз.

ВИКТОРИЯ ЕРШОВА, БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫ:
— Мен полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Олар біздің үйдің маңынан өтіп бара жатқан екен. Өрт сөндіру қызметіне де үлкен рақмет. Әлі күнге дейін осы оқиғадан ес жия алмай жүрмін. Қыстың алдында төрт баламен, оның екеуі мүгедек, баспанасыз қалу, әрине, өте ауыр. Бірақ қолдан келгенше еңсерерміз. Ең бастысы, балаларым аман.

Қазір құтқарылған балалардың жағдайы жақсы, олар қауіпсіз жерде. Отбасына көршілері мен жергілікті қызметтер көмек көрсетіп жатыр. «Ал қос сақшы батыр атағына лайық», — дейді тұрғындар.

———————————————