Ақтөбеде жаңа тұрғын үйдің қабырғасы мен төбесіне сызат түскен

Ақтөбеде бес қабатты жаңа үйдің тұрғындары бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Себебі қабырғасы мен төбесіне сызат түскен. Айтпақшы, бұл үйдің пайдалануға берілгеніне екі-ақ жыл. Бұл жағдайды құрылыс компаниясы мен әкімдіктегілер қалай түсіндіреді?
Орынгүл Майасарова пәтеріндегі сызатты көрсетіп, жыларман күйде жүр. Қабырғадағы жарықтар уақыт өте үлкейіп барады, тіпті жаңасы пайда болған. Ол бұл пәтерді ипотекамен алған. Үйдің өзі небәрі екі жыл бұрын салынып біткен. Яғни, жаңа үй.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе жер асты суларында емес, үйдің сапасыз салынуында. Олар өз қаржысына тәуелсіз сарапшыларды шақыртқан. Тексерудің қорытындысы бойынша, үй әртүрлі материалдардан: силикат кірпіш пен шлакоблоктан тұрғызылған, балшығы да сапасыз. Соның кесірінен екі подъезде, әсіресе бесінші қабатта жарық пайда болып, ол төменгі пәтерлерге түсе бастаған. Ол аздай, көктем сайын еріген қар суы үйдің іргесін шайып өтеді.

Тұрғындардың шағымынан кейін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясы жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Олардың күдігі расталды: үйдің тірек қаңқалары нашар күйде болып шықты. Құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою үшін уақыт берілген, бірақ ол талап орындалмаған. Құрылыс компаниясының Ақтөбедегі өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады. Телефондары сөндірулі.

Құрылыс компаниясы барлық кемшілікті 15 желтоқсанға дейін жоюға тиіс. Егер бұл мерзімде орындалмаса, инспекция компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартпақ. Ал тұрғындар адвокат жалдап, сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.

———————————————