Биыл елімізде рекордтық астық жиналды

Биыл елімізде рекордтық астық жиналды. Тек дәнді-дақылдар бойынша ғана емес, бұршақты және майлы дақылдар өндірісінде де мол өнімге қол жеткізілді. Бидайдың қанша тоннасы экспортқа жөнелтілмек? Шаруаларды несиелендіру жүйесінде қандай өзгеріс бар?
Биыл елімізде бидай бітік шықты. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерден асты. Қамбаларға 27 млн тонна астық құйылды. Мамандар мұны аграрлық салада заманауи технологияларды енгізудің нәтижесі деп бағалайды. Алқаптарды әртараптандыру ісінде де ілгерлеу бар. Бұршақ дақылдарының көлемі алғаш рет 1 миллион тоннаға жетті. Майлы дақылдар егістігі бойынша рекорд жаңарып, 4 миллион тоннадай өнім алынған.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Техника жаңарту ісіне де басымдық берілуде. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы нәтижесінде соңғы екі жылда егіс даласындағы тракторлар мен комбайндердің біразы жаңартылды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, шаруалар үшін қаржыландыру тетігі енді әлдеқайда тиімді болмақ. Бір ғана кепілмен жыл сайын несие алуға мүмкіндік беретін жаңа жүйе іске қосылады. Бұл диқандардың көктемгі дала жұмыстарына дер кезінде кірісуіне мүмкіндік бермек.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Ерте қаржыландыру бағдарламасы келесі жылы да жалғасады. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінде бастап шаруаларға револьверлік кредит беру ашылады. Бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді.

Бұл бастамалар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттыруға ықпал етпек. Үкімет басшысы ендігісі жиналған өнімді сапалы сақтап, тиімді бағамен өткізу екенін ескертті. «Астық қабылдау кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуі маңызды», деді премьер-министр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн. Жалпы азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастыру қажет. Өңір әкімдері тұрақтандыру қорындағы жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп негізгі көкөніс өнімдерін қажет көлемде жеткізу бойынша шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз етсін.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ішкі сұранысты толық қамтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазір нарықтағы баға тұрақты. Былтыр шетелден сұраныс артып, картоп бағасының қымбаттауына әсер еткен еді. Ал биыл бұл өнімнің 3 млн тоннаға жуық қоры жиналды. Қазір сауда сөрелерінде картоптың орташа бағасы – 180 теңге. Баспасөз брифингінде министр Айдарбек Сапаров еттің де бағасын тұрақты деңгейде ұстауға күш салынатынын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Ет құны сұранысқа байланысты сәл өскен. Қазір орташа бағасы – 3 249 теңге. Дүкендер мен азық түлік базарларында оның бағасы 3600 теңге шамасында. Кей жерлерде 4300 тг, тіпті 5000 теңгеге де көтерілгенін білеміз. Бірақ бұл жоғары сұрыпты ет болғандықтан бағасы қымбат.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, елімізде азық-түлік қоры жеткілікті. Ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуда тұрақтандыру қорларының жұмысына басымдық берілмек.

———————————————