Ипотеканың пайызы түсуі мүмкін

Ипотеканың пайызы түсуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы келесі жылдың жазында ипотека мен тұтынушылық мақсатта алынатын несиенің пайызы жаңа әдіспен есептелетін айтты. Мәдина Әбілқасымова Парламентте «Банк қызметі туралы» заң жобасын таныстырды.
Елімізде несиенің қай түрі болсын, пайызы ұшып тұр. Тұтынушылық мақсаттағы несиенің жылдық тиімді мөлшерлемесі – 46%, ал Еуропа елдері 2%-бен рәсімдейтін ипотеканы біз 25%-бен аламыз. Мәжіліс депутаттары халықтың қалтасын сорып отырған несиенің пайызын төмендету керек деп есептейді.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жаңа заңда біз банктердің лицензиялау жүйесін одан әрі жеңілдетуді жоспарлап отырмыз. Базалық банктік лицензия енгізілмек. Осыған байланысты қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру шаралары несиелік ставкаларды төмендетуге әкеле ме? Тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық ставкаларды 35 пайызға дейін, ал ипотека бойынша 25 пайызға дейін төмендету мәселесін қарастыру қажет деп ойламайсыз ба?
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы жылдық тиімді мөлшерлемелердің бәрі онсыз да былтыр төмендетілген дейді. Кепілсіз тұтынушылық несие мөлшерлемесі 56-дан 46 пайызға, кепілді несие 40-тан 35 пайызға, ал ипотека мөлшерлемесі 30-дан 25 пайызға дейін түскен. «Ипотека пайызын биыл 20-ға дейін төмендетіп едік. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеріп қойды да, банктердің көбі ипотекалық несиені тоқтатты. Сондықтан, 20 пайыз талабын келесі жылдың шілдесіне қалдырдық», — деді Мәдина Әбілқасымова. Оған дейін Ұлттық банкпен бірге несие мөлшерлемесін есептеудің жаңа әдістемесін әзірлейтінін айтты.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚНРД АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жаңа әдістеме бастапқы жарнаның көлеміне байланысты болады және сараланған мөлшерлеме бекітіледі. Тұтынушылық кредиттер бойынша тура сондай жұмыс істейміз. Қазір тұтынушылық несие бойынша орташа мөлшерлеме 35-36 пайыз көлемінде белгіленген. Біздің ойымызша, жаңа әдістеме әзірлегеннен кейін бәсекелестік есебінен мөлшерлеме төмендеуі тиіс.

Банктер азаматтардың артына түсіп алып, кредиттерін жөнсіз тықпалай беруді қойсын. Депутат Нартай Сәрсенғалиев жаңа заңда осыған мән беруді сұрады. Сондай-ақ банктердің көзге көрінбейтін шрифтпен жазылатын, жасырын пайыз қосу, қосымша сақтандыруды мәжбүрлеу сияқты әрекеттерін де тоқтату керек. Әйтпесе кепілсіз тұтынушылық кредиттің көлемі 14 триллион теңгедан асып кеткен.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
Біздегі банктерді білеміз. Мынау бизнесті, жаңа жобаларды қолдау дегенді ысырып қойып, тек қарапайым халыққа еселеп, жоғары пайызбен кредит беруді және сол халықты қанға қақсатып, соны еселеп қайтарып алуды ғана біледі. Оған ресми дерекке сүйеніп айтуға болады. 2025 жылдың бірінші қыркүйегіндегі дерекке сәйкес, 8,5 миллион қазақстандықтың кредиттік берешегі бар. Оның жалпы көлемі – 23 триллион теңге. Біздің республикалық бір жылдық бюджетке жетеғабыл қаражат.

Банктер мемлекеттен көмек ретінде 2017 жылы алған ақша туралы мәжілісмендер ұмытпапты. Қыруар қаржы қашан қайтады деп сұрады Мұрат Ергешбаев. Ол әр банктің миллиардтарды қайтару кестесін көрсетуді талап етті.

МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бүгінгі таңда тек қана Халық банк, Форте және Центр Кредит банк қаражатын мемлекетке толығымен қайтарған екен. Ал РБК банк 244 млрд теңгенің, оның ішінде тек 48 млрд теңгесі бұрын қайтарылды. Қарыздың қалдығы – 196 млрд теңге. Қазіргі таңда Еуразиялық банк 150 млрд теңге алды. 48 млрд теңгені қайта қайтарып берген болатын. Ал қалған қарыздың бөлігін 2032 жылға қарай өтеуді жоспарлап отыр. Нұр банк 47 млрд теңге алды. Жусан банк қазіргі Алатау сити банк шамамен бір триллион теңге алды. Оның 100 млрд теңгесін ғана қайтарды.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚНРД АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— 2023 жылдан бастап 500 млрд теңгеден астам мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылды. Екі банк толығымен төледі. Халық банк пен Центр кредит осы жылы толығымен жапты. Екі банк ішінара төледі. Осы төрт банк қалды. Олар да мерзімінен бұрын қайтаруға шаралар қабылдап жатыр. Біз Ұлттық банкпен бақылауда ұстап тұрмыз. Олар 2045 жылға дейін созбайды. Олар мерзімінен бұрын бәрі қайтарады.

Осылайша, депутаттар «Банк қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Мәжілістің жалпы отырысында қарауға болады деп тарқасты.

———————————————