Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Магистральный ауылындағы мектеп жабылып қалды. Оған қабырғалардың жарылып, едендердің отырып кетуі себеп. Білім ордасы осыдан екі жыл ғана бұрын пайдалануға берілген. Қазір осы жерде дәріс тыңдап жүрген 120 оқушы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.
Екі-ақ жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп сыр берді. Қабырғада пайда болған жарықтар күн санап ұлғайып барады. Қазан айының соңында осы білім ордасына жаңа тағайындалған басшы бірден дабыл қағып, бұл жайында тиісті орындарға хабар берген. «Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі», — дейді мектеп директоры.
ГАУХАР ОРАЗОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Жұмысымды қазанда бастадым. Екі күннен кейін, жарық байқағаннан кейін сол мезетте аудандық білім бөліміне қызметтік хат жазып, хабарладым. Бізге маңыздысы – баланың қауіпсіздігі. Сол себепті осы мәселені көтеріп, сол бағытта әрі қарай жұмыстанып, осы олқылықтарды жою үшін мектепті уақытша жабуға тура келді.
Бұл жерде 120 оқушы білім алады. Даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушылары көршілес Пойма ауылына, қалғандары Ақсуат ауылындағы мектепке барады. Тасымалдау ұйымдастырылған. Кезекшілер тағайындалған. Мұғалімдер де балалармен бірге қатынап жүр.
Мектеп КПО-ның қаражатына салынған. Құрылыс басқармасының басшысы мектепке бардым, көрдім. Балаларға еш қауіп жоқ. Техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Тек аралық қабырғада ғана ақау бар», — дейді.
Мектептің кепілдік мерзімі осы жылдың соңына дейін. Осы уақыт аралығында мердігер ақауды толық қалпына келтіруы керек.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Ауылдағы мектептің пайдалануға берілгеніне осы желтоқсан айында екі жыл болады. Алайда қысқа уақытта нысан сыр берді. Енді қайтадан жөндеу жұмыстары басталады. Құрылыс басқармасы бәрі ойдағыдай болса, екі аптадан кейін балалар өздерінің сүйікті мектептеріне қайтадан оралады деп сендірді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.