Бүгін Елордада отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту мақсатында жыл сайын өткізілетін Astana Media Week шарасы өз жұмысын бастады. Медиапталыққа Қазақстандағы мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби медиа мамандары мен қатар халықаралық серіктестер және Өзбекстан,Түркия, Еуропа елдерінен келген сарапшылар қатысып жатыр.
Тоғыз жыл ішінде «Astana Media Week» саланың дамуына бағыт беретін басты алаңға айналды. Ол кәсіби қауымдастықты, реттеуші органдар мен халықаралық серіктестерді біріктіріп келеді. Медиа апталықта журналистиканың болашағы, этика, цифрлық тәуелсіздік және қоғамдағы келісімді нығайту жайы қаузалады.
ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Осы 3 күннің ішінде отандық медиа саласының өзекті проблемаларын талқылап, нақты шешімдерді анықтап, оған қоса қазіргі заманауи, яғни әлемдегі масмедиа саласында болып жатқан үрдістерді талқылап, тәуекелдерді зерттеп соларға төтеп беретін шаралар қабылданады.
Бұл шараға 1 мыңға жуық маман қатысып жатыр. Медиа апталықта жаңа идеялар, серіктестік пен мүмкіндіктер де қарастырылады. Үлкен LED-экранда «Astana Media Week 2025» контент-маркеты өтеді. Бұл іскерлік кездесулерге арналған алаң болмақ. Алғашқы пленарлық сессия «Жасанды интеллект және цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» тақырыбында өтті. Шетелдік сарапшылар мен отандық мамандар ой бөлісіп, тың бастама көтерді.
ВЛАСТИМИЛ САМЕК, БҰҰ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚПАРАТ БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жасанды интеллект қандай да бір ұсыныс айтып, болашаққа көзқарас қалыптастыруы үшін оған ақпарат қажет. Ал ол ақпаратты оған журналист береді. Сондықтан қандай жасанды интеллект болса да, адами фактор бірінші орында.
ИЛХАМ ИБРАГИМ, «ЖЕТІНШІ АРНА» БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Әрине, бүгінгі таңда ЖИ дамып жатыр. «Astana Week»аясында да бұл туралы жиі айтылып жатыр. Әрине, бұл жақсы. Біздің телевизия мамандары болсын, басқа да саладағы мамандардың жұмысын одан әрі жақсартуға көмектеседі. Алайда, нағыз журналистің, нағыз телевизия маманының орнын ЖИ баса алады деп ойламаймын. Өйткені бүгінгідей заманда шынайы ақпаратқа қоғамның сұранысы өте жоғары.
Иә, ақпараттық технология қарыштап дамыған тұста, журналистің шынайы бейнесі мен халыққа жаңалық тарату тәсілінен ажырап қалмау маңызды. Әйтпесе жасанды интеллект дамыған сайын әр оқиғаның байыбына бару қиынға соға бастады. Міне, медиа апталықта сарапшылар осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітіп, тұщымды ойларын ортаға салады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.