Елімізде 45 адам Гонконг вирусын жұқтырған

Елімізде 45 адам Гонконг вирусын жұқтырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шамамен бір миллион адам тұмау мен жұқпалы респираторлық вируспен ауырған. Дәрігерлер тұрғындарға өз бетімен емделмеуге кеңес береді. Ендеше еліміздегі эпидемилогиялық ахуал қандай? Биыл қанша адам тұмауға қарсы екпе алды?
Соңғы кездері әлеуметтік желіде аурудың белгілерін айтып, одан емделудің жолын сұрағандар көбейген. Тұрғындар дәрігерге жазылудың қиындығы мен дене қызуының бірнеше күн түспей тұрғанын жазып жатыр. Сырқат әсіресе балалар арасында жиілеген.

АЙНҰР ӘБДІРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бізде температура болған жоқ. Жөтел болып жатыр. Қанша дәрі берсе де жазылмай жатыр. Қайта-қайта жөтеле береді.

Бұл – Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасының отбасылық денсаулық орталығы. Мамандар: «Вирус өткен аптада өршіді», — дейді. Бірақ тұмау тисе, өз бетімен емделмеуге кеңес береді.

АЙНҰР ТОҚМАҒАМБЕТОВА, ПЕДИАТР:
— Вирустың түрі өзгерген жоқ. Сол қалпында. Бірақ қазір өздігінен емделу мақсатында дәрілерді өзіне-өзі тағайындап, әлеуметтік желіде сұрап, өз-өзін емдеумен айналыспауды сұраймыз. Себебі бұл вирустың, тұмаудың өршуіне, қарапайым дәрілермен емделмеуіне алып келуі мүмкін.
Мамандардың мәліметінше, елімізде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар маусымдық деңгейде тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шамамен 1 миллион адам ауырған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға аз.

АЛЬБЕРТ АСҚАРОВ, ҚДС ҰО ЭПИДЕМИОЛОГ ДӘРІГЕРІ:
— Қазір тұмауға қарсы екпе егу науқаны жалғасып жатыр. Биыл 2 миллион доза вакцина сатып алынған. Бүгінге дейін халықтың шамамен 9 пайызы екпе алған. Анықталған тұмау түрлерінің 98 пайызы А типті вирусқа жатады. Сол сияқты елімізде 45 адам Гонконг тұмауын жұқтырған. Жалпы елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Дегенмен вирустың таралу қаупі әлі толық сейілген жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, маусымдық инфекциялар әлі біраз уақыт белсенді болуы мүмкін. Сондықтан ең қарапайым, бірақ ең тиімді қорғаныс – сақтық шараларын ұмытпау. Мысалы, қолды жиі жуу немесе осындай антисептикпен өңдеп тұру керек. Және бетперде тағу да маңызды. Бұл қарапайым шаралар өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да тұмаудан қорғауға көмектеседі.

———————————————