Трамптың Орталық Азия көшбасшыларымен кездесуінен не күтуге болады?

АҚШ президентімен келіссөздер болады деп жатырмыз. Ал одан не күтуге болады? Трамптың Орталық Азия көшбасшыларын Вашингтонға арнайы шақыруы тегін емес. Сарапшылардың сөзіне сенсек, негізінен инвестиция тартуға басымдық беріледі. Келіссөздер барысында серіктестікке серпін беріп, алыс-берісті арттыру жағы көзделеді. АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысында негізгі серіктес бұл – Қазақстан. Бұған БҰҰ жариялаған сандар дәлел. Былтыр біздің ел Құрама Штаттарға 2 млрд доллардың тауарын тасымалдады. Бұл – осы аймақтан Америкаға жіберілген экспорттың 97 пайызы. Мәселен, Өзбекстан небәрі – 44 млн, Қырғызстан мен Түрікменстан – 15-17 млн, Тәжікстан шамамен 5 млн доллардың тауарын жеткізген. Ал АҚШ-тан Орталық Азияға кіретін тауардың 62 пайызы біздің нарықтың үлесінде. Елдің Ұлттық Статистика бюросының мәліметі бойынша, былтырғы сауда-саттық 4 млрд 200 млн доллар болған. Қазақстанның Құрама Штаттарға экспорты өткен жылы 30 пайызға артқан.

———————————————