Ал енді әлем жаңалықтарына ойыссақ. Францияда жүргізуші ондаған адамды көлігімен таптап өтті. Филиппинде дүлей дауыл ойран салып жатыр. 100-ден аса адам опат болды. Қытайда да дауыл күшейіп, қауіптің сары деңгейі жарияланды.
Францияда адам шошырлық оқиға болды. 35 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншілер мен велосипед мінгендерді қасақана көлікпен басқан. 10 адам жарақат алды. Төртеуінің халі мүшкіл. Күдікті кейін көлігін өртемек болған. Қазір ол қамауда. Айта кетейік, соңғы жылдары Францияда көлікпен адамды қасақана қағу дерегі жиіледі. Ең ірісі – 2016 жылы Ниццада болған теракт. Ол кезде 87 адам қаза тауып, 450-ден астамы жарақат алды.
Филиппинде тайфуннан көз жұмған адам саны жүзден асты. Тағы 26 кісі із-түзсіз жоғалған. Елдің берекесін қашырған қатты жел мен толассыз жауын су тасқынына ұласты. Желдің күші сағатына 180 шақырымға дейін жеткен. Ағаштар құлап, ғимараттар бүлінді. Ондаған тұрғын баспанасыз қалды. Билік өкілдерінің айтуынша, 400 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Қазір тайфун Вьетнамға қарай ығыса бастады. Елде дауылды ескерту жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қытайдың курортты аймақтарында «Калмаэги» тайфунына байланысты қауіптің сары деңгейі жарияланды. Ауа райы күрт нашарлайды деген қауіп бар. Табиғат апаты қазір Тайвань, Хайнань, Наньша, Хуанъян және Сиша аралдарына қарай бет алған. Осыған байланысты Қытай билігі қоғамдық іс-шараларды тоқтатып, кемелерге портқа оралуға кеңес берді.
Римде ортағысрлық мұнара құлады. Биіктігі 29 метр нысан Колизей мен Рим форумына жақын орналасқан. Апат кезінде мұнараны реставрациялау жұмысы жүріп жатқан еді. 1 жұмысшы қаза тапты. Оны құтқарушылар үйінді астынан 11 сағаттан кейін шығарған. Ал екінші жұмысшы аман-есен құтқарылды. Ол жарақат алған, ауруханаға жеткізілді. Тағы екі жұмысшы жеңіл-желпі жараланған. Құлаған мұнара Torre dei Conti деп аталады. Ол 2006 жылдан бері жабық тұр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.