Атырау облысы Махамбет ауданында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар. Мұндағы дүкендерде екі жылдан бері бірде бір рет ішімдік сатылмаған. Нәтижесінде ешқандай қылмыс болмаған. Ынтымақ-бірлігі жарасқан ауылдағы жағдайды әріптесім көріп келді.
Еңбекші деп аталатын алақандай ауылда 300-ге тарта түтін тұрады. Соңғы екі жылдан бері тұрғындар ішімдіктен бас тартқан. Ауылдың үлкендері жастарды салауатты өмір салтын насихаттауға, қайырымдылық жасауға үйретіп жүр. Ұсақ-түйек кикілжің туса, ауыл ақсақалдары алқасы шешеді.
АЙБЕК СӘТБЕРГЕНОВ, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің дүкенде алкоголь сатылмайды. Барлық үйлену тойы мен басқа да іс-шара алкогольсіз өтеді. Мен елдің барлық тұрғынына айтқым келеді: отбасылық мерекелерді алкогольсіз өткізуге болады. Жақында біз ұлымызды үйлендірдік. Үстелде алкоголь жоқ, бірақ мереке көңілді және тату өтті. Бұрын үйлену тойларында ұрыс-керіс пен төбелес жиі болатын, ал қазір бәрі тыныш.
Ауылдағы дүкендерде алкогольдік өнім мүлдем жоқ. «Одан кәсібіміз тоқтаған жоқ, керісінше табысымыз артты», — дейді сатушылар.
ЭЛЬВИРА ТҮСПАЕВА, САТУШЫ:
— Бізде Еңбек ауылында бір дүкен бар. 10 жылдан астам халық үшін жұмыс істеп келеміз. Тұрғындармен бірге алкогольді сатпау туралы шешім қабылдадық. Екі жылдан бері бізде алкоголь өнімі мүлдем жоқ. Барлығы жақсы. Адамдар азық-түлік сатып алады, пайда өзгерген жоқ, азайған жоқ.
«Заң және Тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың негізгі қағидасы. Бұл қағиданы берік ұстанған ауыл тұрғындары тәртіпті қатаң сақтайды. Айталық, ауылда соңғы екі жылда ешбір қылмыс болмаған. Мұны жол сақшылары да растап отыр.
АЙДОС СЕЙТҚАЗИЕВ, ПБ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМШЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ М.А.:
— Бұл ауылдың ерекшелігі – соңғы екі жылда мұнда қылмыс тіркелмеген. Ауылда алкоголь сатпайтын бір дүкен бар. Менің ойымша, көптеген құқық бұзушылықтар ішімдік ішуден туындайды. Сондықтан егер басқа ауылдарда алкоголь сатылмаса, құқық бұзушылықтар азаяды. Бұл ауылда алкогольді сатудың болмауына байланысты төбелес болмайды және әдетте алкоголь бар жерде болатын басқа заң бұзушылықтар болмайды.
Иә, Еңбекшінің бүгінгі бейнесі көпке үлгі. Елдімекенге «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесі берілген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.