Қазақстан мен АҚШ құны 17 млрд доллардың келісімін жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанға келуі мүмкін. Бұл туралы ол кездесу барысында айтты. Вашингтонға барған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев «C5+1» форматындағы саммитте маңызды мәлімдеме жасап, АҚШ-пен 17 млрд доллардан асатын келісімге қол жеткізді. Жалпы «Орталық Азия – АҚШ» саммиті аясында ықпалдастықты нығайтуға бағытталған басқа да мәселелер ортаға салынды.

Вашингтонға ресми сапармен барған Президент Тоқаев Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, тарихи келіссөз өткізді. Жүздесуде тараптар екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету жолын талқылады.

Мұнан соң Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев С5+1 форматындағы саммит, шын мәнінде, Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз.

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Осы сапар барысында Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард доллардың келісімін жасады. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы.

Бүгін Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аяқталды. Бұл – Президенттің биылғы күздегі АҚШ-қа жасаған екінші сапары. Бұған дейін қыркүйекте Нью-Йоркке барып, мұхиттың арғы бетінде құны 5,2 млрд доллар болатын 11 келісім жасаған болатын. «Бұл өзара ынтымақтастықтың жемісті болары сөзсіз», — дейді саясаттанушы.

АЗАМАТ БАЙҒАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— АҚШ көп жылдар бойы біздің өңірге жеткілікті көңіл бөлмегенін АҚШ мойындап отыр. Енді осы кездесуден кейін көпжақты ынтымақтастықтың жаңа дәуірі басталуы керек. АҚШ тұрғысынан қарағанда, Орталық Азиядан, әсіресе Қазақстаннан қажет нәрсе – бұл ресурстар, сирек кездесетін металдар және энергетика.

Болашақта АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстанға жолы түсуі де мүмкін. Ол Қасым-Жомарт Тоқсаевпен кездесу барысында мұны жоққа шығармады.

———————————————