Оралда қиын жағдайға тап болған аналарға арналған орталық жұмыс істейді

Оралда «Жан жылуы» аналар үйі жұмыс істеп тұр. Бастапқыда су тасқыны кезінде баспанасыз қалған әйелдер осы жерді паналаған еді. Олардың бірқатары жағдай тұрақталғаннан соң, өз ортасына, отбасына оралған. Қазір де қиын сәтке тап болған, жалғызбасты аналар осы үйде тегін тұрып жатыр.
Баспанасын су басып, арқа сүйер адамы жоқ кезде әйелдер осы жерден пана тапқан болатын. Аналар үйі қазір де бос емес. Мұндағы тұрғындардың тағдыры әр түрлі. Біреу барар жер, басар тауы болмаған соң амалсыз келген.

АНАЛАР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Өзінің қалтасынан шығарып, мұндай үлкен аналар орталығын ашу үлкен жүректі қажет етеді деп ойлаймын. Жалпы мұндай орталықтар керек. Себебі қандай жағдай болса да зардап шегетін аналар ғой. Өзім басымнан өткесін білемін.
Жан жылуының тұрғындары жартылай дайын тағам шығарады. Еңбек ақыларын алады. Тапқан табыстары олардың алдағы уақытта қалыпты өмірге қайта оралуларына жұмсалады.

АНАЛАР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Менің басқа барар жерім жоқ, баспанам да жоқ. Бұрын тұрған ауылда жұмыс та табылмады. Оның үсіне менің мүгедектігіммен ешкім де алғысы келмейді. Омыртқамның сау еместігін білгенде, бірден теріс айналып кетеді. Қазір осы жерге келдім. Жағдайым жақсарды, баламды да қарауға мүмкіндігім бар. Екінші жыл тұрып жатырмын.

«Мұндай үй ашу менің жоспарымда болған жоқ. Тасқынға тосқын болған соң жабамын деп ойладым. Бірақ, қиындыққа тап болған аналарды көрген соң жұмысымды тоқтатпадым. Олардың өздеріне деген сенімдерін арттырып, жағдай жасау, қолдау көрсетуді өзіме мақсат еттім», — дейді аналар үйінің негізін қалаушы Дидар Қойбағарова.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін, әлеуметтік бизнеске бет бұру маңызды. Облыста тіркелген 59 мың кәсіпкерлік нысанының 145-і осы салаға бағытталған. Бұл – республика бойынша үшінші көрсеткіш.

———————————————