Жол ережесін бұзбайтындар үшін сақтандыру төлемі төмендетілді

Үлгілі жүргізушілерге жақсы жаңалық. Елде міндетті сақтандыру полистерін тарификациялау тәртібі өзгерді. Мәселен енді жол апатына түспей, аса сақ жүретін көлік иелері үшін төлем азаяды. Ал ережені елемейтіндер керісінше, көбірек шығындалады. Жаңашылдықты халық қалай қабылдады?
Жол ережесін бұзбайтындар үшін сақтандыру төлемі төмендетілді. Бұған дейін полис құны жүргізушінің өтіліне, жол-көлік оқиғаларының санына байланысты болатын. Бұл тариф елде 18 жыл бойы өзгермеген. Бұдан былай темір тұлпар тізгіндегендердің жолдағы әрекеті мұқият зерттеледі.

АЛЕКСАНДР ТУЛЕШОВ, «СК FREEDOM INSURANCE» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жүргізуші жол-көлік оқиғасына түсіп, кінәсі дәлелденсе, сәйкесінше оған сақтандыру құны қымбат болады. Ал егер тәртіп бұзбаса, жыл сайын полис бағасы арзандап, тіпті ең төменгі деңгейге жетуі мүмкін. Мұндай азаматтарға базалық тарифтің 50% жеңілдігі қарастырылған. 18 жылда бұл жүйенің кемшіл тұстарын аңғардық. Сондықтан жүргізушілерді бірнеше санатқа бөлу қарастырылды.

Иә, сәуір айынан бастап жүйеге жаңа санаттар енгізілді: жол ережесін өрескел бұзу, қарсы бағытқа шығу, қызылға өту, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік басқару. Мұндай заңбұзушылықтар сақтандыру рәсімдеген кезде енді қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Адам өлімімен аяқталған жол апатына кінәлі болған жүргізушілер ең жоғары төлем жасайды. Яғни олар үшін базалық тариф 350% дейін өседі. Такси паркінен көлікті жалға алғандар үшін қосымша төлем 80% көлемінде бекітілді. Ал еуропротокол арқылы рәсімделген ұсақ жол апаттары керісінше жеңілдікпен есептеледі.

АЛЕКСАНДР ТУЛЕШОВ, «СК FREEDOM INSURANCE» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл – полиция шақырмай, жол-көлік оқиғасын өзара рәсімдеуге мүмкіндік беретін жүйе. Бастысы шығын көлемі 100 АЕК-тен аспауы тиіс. Мұндай оқиғаларда залал аз болғандықтан, өрескел қателікке жатпайды.

Сақтандыру компаниясы өкілдерінің айтуынша, бұл әділ шешім. Енді заңға бағынғандар аз төлейді, ал жиі ереже бұзғандарға шығындалуға тура келеді. Бастысы — бұл жаңашылдық сақ жүріп, жол апаты санын азайтуға септігін тигізеді.

АНАТОЛИЙ РУСЕВ, АВТОБЛОГЕР, @RUKIVMASLE ПАРАҚШАСЫНЫҢ АВТОРЫ:
— Менің ойымша, бұл өте әділ шешім. Сақтандыру дегеніміз – тәуекелмен тікелей байланысты ұғым, ал жол қозғалысы ережесін бұзу – сол тәуекелдің нақты көрінісі. Сондықтан ереже бұзушылықтарды ескере отырып, сақтандыру компаниялары тарифтерді қайта қарастыра алады. Ал жиі ереже бұзатындар, сәйкесінше, жоғары тәуекел тобына жатады. Сол себепті олардың сақтандыру жарнасы жоғары болуы заңды, ал сақ жүретін, ереже сақтайтын жүргізушілер керісінше жеңілдіктер алады. Реформа енгізілгелі бері бұл салаға қызығушылықтың артқаны байқалады, себебі адамдар енді өздерінің ұқыпты жүргізу мәнері тікелей сақтандыру құнына әсер ететінін түсіне бастады.

Жүргізушілердің өздері де елдегі жол-көлік оқиғаларының көптігіне байланысты бір шара қабылдау қажет екенін мойындайды.

Ең бастысы, бұл жаңашылдықтың жол қозғалысына қатысушылардың өздерінің көңілінен шығуы. Енді жүргізушілер едәуір үнемдей алады.

———————————————