Қорғаныс министрлігі 16 және 63 жас аралығындағы ер азаматтар туралы барлық мәліметті бір ақпараттық жүйеге жинақтады. Бұл – әскери саланы цифрландыру нәтижесі. Енді облыстық немесе аудандық әскери комиссариат өз аумағында қанша әскери міндетті адам бар екенін, кімнің немен айналысып жүргенін осы жүйеде көріп отырады. Яғни әскерден ешкім қашып құтыла алмайды. Цифрланған әскерде тағы қандай жаңалық бар?
Елдегі ер азаматтар саны мен олар туралы мәліметтерді түгендеп, электронды базаға енгізгеннен кейін Қорғаныс министрлігінде әскери қызметке қатысты процестер жеңілдей бастады. Мысалы, 1 миллионнан астам адам әскери комиссариатқа, яғни военкоматқа келуден босатылды. Олар – студенттер, мүгедектігі бар азаматтар, үйленген, баласы бар, полиция немесе прокуратура қызметкерлері. Енді қайта-қайта әскерге шақырып, ешкім олардың мазасын алмайды. Қырық күндік әскерге барып, әскери билет ала саламын деушілердің де бөлек тізімі құрылады. Мұның бәрі – «Smart военкомат» жобасының арқасы.
ДАРХАН АХМЕДИЕВ, ҚОРҒАНЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қырық күндік әскерді де цифрландырдық. Егер бұрында бұл процесс жабық түрде өтетін болса, яғни мен қырық күндік әскерге барғым келеді деп өтініш жазғаннан кейін мені ала ма, алмай ма, қай жерде кезекте тұрғанымды білмейтінмін. Қазір бұл балабақшаның кезегі сияқты, яғни өзіңнің нешінші кезекте екеніңді, т.б. ақпаратты біліп отырады.
Бұрын жұмысқа кірген кезде ер адамдар военкоматтан кадр бөліміне әскери есепте тұрғаны жайлы анықтама алып баратын. Қазір оның да қажеті жоқ. Мамандар керек анықтаманы ақпараттық жүйеден өздері шығарып ала алады. Мекен-жайын ауыстырған жағдайда азамат көшіп барған аймақтағы әскери бөлімге автоматты түрде тіркеледі. Ал әскерге шақыру туралы хабарлама қағаз хатпен емес, SMS арқылы жіберіледі.
АРМАН САРИН, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ БАС ШТАБЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Енді азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрықтар тек электронды форматта шығарылады және мәліметтер несие каникулын беру үшін кредиттік бюроға жіберіледі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл деректер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында оларды қызмет мерзімі бойы жарна төлеуден босату үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі.
Әскерилер медициналық тексерісті де цифрландырып жатыр. Денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз азаматтар алдағы уақытта шақыру тізімінен автоматты түрде шығарылады. Одан бөлек, жігіт әскери комиссариатқа барып, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін айтса, оның барлық медициналық анализі ақпараттық жүйеде көрініп тұрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.