Астанада көпқабатты тұрғын үй қасбетінің бір бөлігі опырылып түсіп, төтенше жағдай болды. Жоғарыдан сау еткен кірпіш сол жердегі азық-түлік дүкеніне бара жатқан жатқан 2 әйелдің басына құлаған. Сәлден кейін оларға көмекке жеткен ер адам мен екі фельшер де үйінді астында қалды. Біреуінің төбесіне қабырғаның сыртында ілініп тұрған кондиционер құлаған. Қазір 5 адам ауруханада. Екеуінің халі мүшкіл.
Қатар салынған екі ғимараттың қуысында жертөледе азық-түлік дүкені бар дегенге сенесіз бе? Екі әйел әлдене алмақшы болып сонда бұрылған. Дәл сол кезде жоғарыдан кірпіш сау ете қалады. Шаңы аспанға атып, гүрс еткен дауысты жұрттың бәрі естиді. Жедел жәрдем шақырып, кешікпей жеткен дәрігерлер көмекке ұмтылады. Тас басып қалған жандарды құтқарамыз дегенше биіктен кондиционер, тағы да кірпіш 2 фельдшердің басына құлайды. Үйіндінің астында жатқан екі бауырын құтқармақ болып, жанұшыра жеткен ер адам да осы апатта зардап шегеді.
Әп сәтте айтпай келер апат, жұртты есеңгіретіп зәрелерін ұшырған. 3 жедел жәрдем бригадасы келіп, зардап шеккендерді ауруханаға алып кеткен. Араларында ешқандай қауіпті ойламай, басқаларды құтқарамыз деп жүріп өздері зардап шеккен екі фельдшер де бар. Біреуіне ота жасауға тура келген. «Жағдайы ауыр», — дейді дәрігерлер.
Зардап шеккен өзге төртеуі де дәрігерлердің бақылауында, қажет медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. «Әрі қарай ем мен оңалту шаралары ұйымдастырылады», — деп отыр Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар. Ал көпқабатты үйдің тұрғындары қабырғада әлі де қалт-құлт етіп тұрған кірпіштер бар деп қорқыныштарын жасырмады. Қауіп әлі сейілмеген.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бұл 9 қабатты үй 2005 жылы пайдалануға берілген. 20 жылда қабырғасы қақырап, кірпіші шашыла бастады. Әлі де әр жерден опырылып түсіп жатыр деген тұрғындар алаңдаулы. Олар есік алдына шығуға қорқып қалған.
Апат орнында қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Жоғарыда өрмелеп жүрген мамандар барынша босап тұрған кірпішті құлатып, қабырға қаптамасының бос жерлерін тазартуда. Әзірге қауіп сейілді деуге ерте. Болған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.