Атырауда бір жыл бұрын егілген ағаштар қайта қопарылды

Атырауда жергілікті билік тал-теректерді отап тастаған. Бұған тұрғындар мен қоғам белсенділері наразылық білдірді. Көпшілік бұл табиғатқа қастандық жасау деп санайды. Ал әкімдік өкілдерінің өз уәжі бар.

Табиғат жанашырлары жергілікті биліктің ағашты отағанын құптамайды. Керісінше жасыл-желекті көбейту қажет деп санайды.

ДИНАРА ОРЫНТАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бірнеше жыл бұрын бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінген. Осында талдар егілді. Сол талды енді алып кесіп тастап жатыр. Онсыз да экологиясы нашар, қасіретке ұшыраған қаланың бірі ғой. Жасыратыны жоқ. Неге кесіп жатыр, керісінше талды егудің орнына кескені дұрыс емес. Қаншама қаржы бөлінді.

Орталық алаңдағы жас көшеттер биыл отырғызылған болатын. Бір жылдан кейін бой түзеп қалған тал-терек қайта оталып отыр. Қоғам белсенділері жасыл желекті қопаруға жол бермеу керек деп санайды.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл көшеттер белгілі тәртіпке сай егілмеген. Сондықтан бейберекет отырғызылған ағаштардың орны ауыстырылған.

ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН — ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
— Исатай Махамбет алаңына 200 қылқан жапырақты шырша ағашы егілген болатын. Олардың барлығы демеушілер көмегімен симметриялық талаптарға сай егілді. Түп-түзу болып тұр. Оған дейінгі отыз тал белгілі бір тәртіппен егілмегендіктен, тамырымен алынып ауылдық округтердің КДМС мекемесіне апарылып егілді.

Жалпы күзгі терек егу маусымында демеушілер көмегімен 2000-нан аса жасыл желек отырғызылған. Мамандардың айтуынша, болашақта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.

———————————————