Енді тұрғындар ипотекалық несиелерін ерте жаба алады. Елімізде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын тиімді жұмсаудың жаңа тетіктері қарастырылып жатыр. Яғни зейнетақы жинақтарымен ипотекалық қарызды азайтуға мүмкіндік бар. Оның талаптары қандай? Заң жобасы қашан іске асырылады?
Қазір азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекалық қарыздың пайыздық мөлшерлемесін өтеу мен негізгі борышын азайтуға пайдаланып жүр. Осы ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Енді зейнетақы қорындағы ақшамен толық ипотеканың негізгі қарызын қысқартуға мүмкіндік бар.
ДӘУБЕК КЕРІМБАЕВ, ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Біз жаңадан қағида ойлап шығарып жатқан жоқпыз. Бұл қағида бар. Баяғыша қолданылады. Тек төлем барысында біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы негізгі борышқа төленеді. Ол шектік соманы өздерінің Еgov жеке кабинетінде көрінеді. Қолжетімді шекті деңгейі бар. Сол жерден қарап біле алады. Әр адамның шекті деңгейі әртүрлі. Жинақ қорындағы ақшасына байланысты.
Сол сияқты ай сайынғы төлем мен несие мерзімін азайту да қарастырылған. Сала мамандары атап өткендей, өзгерістер жаңа Салық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған біржолғы төлемдерден жеке табыс салығы алынбайды. Ал бұқара бұл бастаманы қалай қабылдады?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген бұл жоба қазір қоғам талқысында. Егер ұсыныс бұқара тарапынан қолдау тапса, келер жылдан бастап қолданысқа енгізілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама азаматтар зейнетақы жинақтарын бұрынғыдан да тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Яғни ай сайынғы ипотекалық төлемін азайтып, несиесін мерзімінен бұрын жабуға жол ашады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.