Петропавлдағы «Заречный» шағын ауданының тұрғындары жаппай көшіріледі

Петропавл іргесінде орналасқан «Заречный» шағын ауданы тұрғындары жаппай көшіріледі. Мұндағы 250-ден астам отбасының алғашқы легі қараша айының соңында қоныс тойын атап өтеді. Жергілікті билік өкілдері осындай шешім қабылдап, оларға 90 және 72 пәтерлі екі үй тұрғызып жатыр. Біріншісі осы айда пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Жалпы «Заречный» кенті Есіл өзені бойында орналасқан. Жылда көктемде қар еріп, өзен арнасынан асқанда мұндағы үйлерді су басады. 2017 жылы баспаналардың дені су астында қалды. Ал былтырғы алапат тасқын кезінде 440 үйдің барлығына су кірді. Салдарынан оның жартысы апатты деп танылып, бұзылды. Сондай-ақ мұнда әлеуметтік нысандармен қатар түзеу мекемесі орналасқан. Болашақта колония да басқа жаққа көшіріледі. Ол үшін жер учаскесі бөлініп, жаңасының құрылысы басталып кетті.

———————————————