Ақтөбеде жатақхана тұрғындары адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Ақтөбедегі жатақхана тұрғындары бұрынғы кондоминиум басшысының кесірінен адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатырмыз деп шағым айтты. «Ол ортақ жуыну бөлмесін пайдаланғаны үшін жарты сағатқа 100 теңге ақы алып жүр», — дейді жұрт. Бұл – бес қабатты үйдегі жалғыз душ, оның жағдайы өте нашар. Мәселе сотқа дейін жеткен. Сот экс-басшының әрекетін заңсыз деп таныған. Қазір бұл үйде басқару органы жоқ. Салынғанына жарты ғасырдан асқан жатақхананың проблемасы шаш етектен. «Қабырғасы сөгіліп, электр сымдары ашық-шашық күйде тұр, ал бөлмелердің іші суық», — дейді тұрғындар. Олар әкімдіктен үйді апатты деп тануды сұрайды. Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Жақында халықпен жиын өткізген. Алайда 120 бөлмелі үйдің тұрғындары басқару формасын әлі анықтай алмай отыр. Тұрғын үй инспекциясы жақын уақытта жергілікті бюджет есебінен жатақханаға техникалық тексеру жүргізу жоспарлап отыр. Ал душ мәселесін жұрт өздері шешуі тиіс.

———————————————