Түркістанда оқушының денесі зират маңынан табылды

Түркістанда мектеп оқушысының денесі зират маңынан табылды. Марқұмның туыстары жасөспірім әлімжеттік құрбаны болғанын айтады. Сөздерінше, 9-сыныптың оқушысын ақша бермегені үшін қатарластары тепкінің астына алған. 15 жасар жеткіншек оқиға орнында жан тапсырған.
Қара жамылған отбасы 15 жасар жасөспірімнің өлімін достарынан көреді. Олардың пайымынша, қатарластары әлімжеттік жасаған. Әуелі ақша талап етіп, бермеген соң қол көтерген болуы мүмкін.

БАУЫРЖАН НҰРЖАНҰЛЫ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
— Бұлар 3-4 баланы қойып қойған. Сөйтіп, төртеуі екі реттен айналдырып ұрып шыққан. Інімнің жүрегінен ғана ұра берген. Басқа жарақат жоқ, пышақ тимеген. Жүрегінен ұра берген соң, жүрегі сол жерде тоқтап қалған. Жүрегі жарылып кеткен. Ұйқы безі езіліп кеткен.
Мейіржан Нұржанұлы – отбасындағы кенже бала. Жақындарының айтуынша, ол түрлі жарыста үздік нәтиже көрсетіп, бірнеше рет жеңімпаз атанған. «Болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етуді армандаған жасөспірім мектептегі әлімжеттік жайлы ешкімге шағымданбаған, ішіне бүгіп жүргенге ұқсайды», — дейді туыстары.

Марқұмның туыстарының айтуынша, қаладағы кейбір мектептерде өздерін «беделді» санайтын бұзақы оқушылар басқа балаларға әлімжеттік жасап жүрген көрінеді. «Олар оқушыларды зират маңына жинап, ақша талап етеді, ал айтқандарына көнбегендерді ұрып-соғады», — дейді. Осы жағдайға байланысты балалар омбудсмені Динара Закиева арнайы тексеріс басталып, оқиғаның мән-жайы анықталатынын айтты.

ДИНАРА ЗАКИЕВА, БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
— Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркелді. Сол себепті қосымша ақпаратты беруге болмайды.

Облыстық полиция департаменті қазір күдіктінің төртеуі де ұсталғанын хабарлады. Ал кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды.

БАУЫРЖАН ЗИЯТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 9-сынып оқушысы сыныптасының кеуде тұсынан ұрған, соққы алған оқушы сол жерде қайтыс болған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиғаға қатысқандардың барлығын ізін суытпай ұстады.

Қаралы отбасы кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Сондықтан тергеудің ашық әрі әділ жүруін талап етіп отыр.

———————————————