Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы одақтастық деңгейіне көтеріліп жатыр

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеріліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымында жарияланған авторлық мақаласында осылай деген. Президент Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы бүкіл еуразиялық кеңістіктегі көптеген іргелі процеске шешуші әсер ететінін атап өтті.
«Қазақстан мен Ресей сапалы әрі мазмұнды стратегиялық серіктестік пен одақтастықты қалыптастыра алды. Мұндай ынтымақтастықтың өзегінде – бүгінгі турбулентті, болжап болмайтын заманда халықтарымыздың бірге болуға деген саналы ұмтылысы жатыр. Басқаша айтқанда, мәңгілік достық – халқымыз үшін бағыт беруші жұлдыз», — деп жазады Президент өз мақаласында.

ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Менің түсінігімде, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы – Еуразия қауіпсіздігі жүйесін қалыптастырудың аса маңызды факторы. Қазір Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеріліп жатыр.

Мемлекет басшысы Мәскеуге осы сапарында екі арадағы қарым-қатынасты одақтастық деңгейіне шығару туралы Декларацияға қол қойылатынын айтқан. Ресей Федерациясы еліміздің сыртқы сауда серіктестері арасында алғашқы үштікте. Екі елдің тауар айналымы 30 миллиард долларға жуықтап, инвестициялық жобалардың саны 170-тен асты. Қазақстанда 20 мыңнан астам ресейлік компания табысты жұмыс істеп тұр. Энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, білім және мәдениет салаларында да ынтымақтастық тереңдеп келеді.

ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Энергетика саласы – біздің ынтымақтастықтың айрықша бағыты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ресейлік энергия ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзиті қамтамасыз етілуде. Ірі энергетикалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда негізгі жоба – «Росатом» басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимыл ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Екі ел үкіметтерінің алдында серіктестікті жаңа, әсіресе жоғары технологиялық салаларға шығару міндеті тұр.

———————————————