Петропавлда қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысын жасанды интеллект бақылайды. Шаhарда 40-тан астам камера іске қосылды. Ақылды жүйе ауладағы қоқыс жәшіктері толған кезде, арнайы орталыққа бірден белгі береді.
Петропавлда қала тазалығымен бес компания айналысады. Алайда, көптеген ауладағы көрініс осы. Контейнердің айналасы тау-тау болып жатқан көлемді қалдықты жиі кездестіресіз. Коммуналдық қызметкерлер, бұған тұрғындардың өздерін кіналайды.
ВАСИЛИЙ МОРОЗОВ, КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Халықтың дені бәрін бір жәшікке тастайды. Тасымалдаған техникамыз жиі істен шығады. Сосын уақытында шығарылмайды деп шағымданады. Сондықтан осындай жағдай болмас үшін, қоқысты іріктеп лақтыру қажет.
Қалада қоқыс мәселесі өзекті. Тазалыққа немқұрайлы қарайтындармен күрес күшейтілді. Мәселен, жыл басынан бері бес мыңнан астам адамға айыппұл салынған.
АЛЕКСАНДР ИЛЬИН, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Ереже бұзғандарды табу оңай емес. Қарапайым камераға түсіп қалғандарды көбі тани қоймайды. Тіпті кейде түнгі уақытта көлікпен келіп рұқсат етілмеген қоқысты лақтырып кететіндері де бар. Ал қараңғы кезде оларды анықтау тіптен қиын.
Сондықтан «Ақылды қала» жобасы аясында шаhарда 43 камера орнатылды. Енді жасанды интеллект қоқыс жәшігі толса, «I-Komek» орталығына ақпар береді.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Камералар 65 көпқабатты және жеке сектордағы 220 шақты үйді бақылап тұр. Әрі жасанды интеллект қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысын қадағалайды. Бұл жүйе қала тазалығына жауапты. Яғни ол қалдықтардың тау болып үйіліп қалмауына септеседі.
Әзір жасанды интелектімен жабдықталған камера сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Жоба тимділігін көрсетсе, келер жылы тағы 200 данасы орнатылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.