Астанада кірпіш қаптамасы опырылған үй: бұл апатқа кім жауапты?

Елордадағы кірпіш қаптамасы опырылып, зардап шеккен бес адам әлі де ауруханада. Екеуінің хәлі нашар. Еліміздегі 59 200 көпқабатты тұрғын үйдің 1030-ы құлағалы тұр. Мамандар сараптама жасап, көне үйден қауіп көп екенін анықтады.

Астанада тұрғын үйдің кірпіш қаптамасы сау етіп құлап, бес адам зардап шеккен тұрғын үй кешені апатты үй санатында болмаған. 2005 жылы тапсырылған баспанада тұрғындар жайбарақат күн кешіп жатқан еді. Қазір олар түнгі уақытта тырс еткен дыбыстан шошитын жағдайға жеткен. Қазір ақ халаттылар төрт науқастан басқа 23 жастағы фельдшердің өмірі үшін арпалысып жатыр. Сонда бұл апатқа кім жауап береді?

КАМИЛЛА ДҮМШЕБАЕВА, АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:
— Бұл жағдайда Сәулет және қала құрылысы заңына сәйкес үйді тұрғызған мердігердің кепілдік мерзімі 2 жыл. Үй пайдалануға берілгеніне 20 жылдан асқандықтан құрылыс компаниясы туралы айту кеш. Алдымен, тұрғын үй кешені кімнің балансында, соны анықтау керек. Барлық зардап шегуші полицияға арыз түсіріп, материалдық моралдық шығынын өтетіп алса болады

Үй қабырғасына кондиционер ілгенде де кірпіш жабындысы бүлінуі мүмкін бе? Қазір осы нұсқа да қарастырылып жатыр. Жалпы еліміздегі кез келген көпқабатты үйден келер қауіп бар ма? Астана әкімдігі дәл қазір 1030 үй апатты деп ақпарат берген. Ал апат болған үйден бұған дейін инспекцияға шағым түспепті.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:
«Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына Тәуелсіздік 24б мекен-жайындағы үйдің қасбеті бойынша ешқандай шағым жоқ. Жаңғырту мәселелері бойынша да өтініш түспеді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабының 14-тармағына сәйкес, ортақ мүлік – бұл кондоминиум нысанының ортақ меншігі (қасбет, кіреберіс, вестибюль, холл, дәліз, баспалдақ т.б.). Бұған пәтерлер мен жеке меншіктегі тұрғын емес үй-жай кірмейді».

Ортақ мүліктің күрделі жөндеуін жүргізу туралы шешім қабылдау міндетті түрде тұрғындардың жалпы жиналысында қаралып, мақұлдануы тиіс екенін тұрғындар білмейді емес, біледі. Заң тілімен түсіндірген Астана әкімдігінің жауабында да мін жоқ. Алайда жаңғырту жасап, жөндей қоятындай кірпіш қаптамасы құлаған үй бәлендей ескі емес. Ал құзырлы органдар тек ескі үйлер туралы айтады.

ЖАНЕРКЕ САҒЫМЖАН, ТҮКШ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Апатты және тозығы жеткен үйлер мәселесін шешу мақсатында 2023 – 2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық дамыту тұжырымдамасында жергілікті атқарушы органдарға «ескі кварталдардағы» тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі өкілеттіктер бекітілген болатын.

Жаңғырту бағдарламасымен былтыр 94 үй бұзылып, 1141 үй берілген. Ал биыл 81 көпқабатты үй бұзылып, 45 үй салынған.

———————————————