Шымкенттік оқушылар жолда көлік жүргізушілерінің қалғып кетуіне кедергі болатын құрылғы ойлап тапты. Құрылғы жүргізушінің көз қимылы мен басының еңкеюін бақылай отырып, шаршау белгілерін ерте анықтай алады. Егер ұйқышылдық байқалса, құрылғы бірден дыбыстық және дірілдік ескерту береді.
Бұл – адамға көлік жүргізгенде ұйықтауға кедергі болатын құрылғы. Жобаны қолға алуға такси жүргізушісінің ұйықтап кетіп, жол апатына ұшырауы себеп болыпты. Үш оқушы өнертапқыш алдымен шаршау белгілерін анықтап, ескерту беретін көзілдірік жасап шығарған. Бірақ ол жүргізушілер үшін ыңғайсыз болыпты. Екі айға жуық тәжірибеден кейін тағы бір нұсқасын жасады.
ЕРНАР ДӘУЛЕТ, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Өте жақсы жұмыс істейді, жүргізушілердің айтуынша, қала арасында, таксиде, көбіне көлік айдайтын адамдарға керек болады. Біз ауқымды проблеманың шешу жолын тапқымыз келді. Осылайша, SleepBlocker деп аталатын жобамызды ойлап шығардық. Қазіргі кезде практика жүзінде қолдандық. Жүргізушілердің айтуынша, бірінші прототипке қарағанда бұл ыңғайлы және мұны қолдануға кеңес беруге болады.
Қайнар Қылышбекұлы оқушылардың тың туындысын алғаш сынап көрді. Жылдап көлік жүргізген тұрғын қондырғынының қажеттілігін айтты.
ҚАЙНАР ҚЫЛЫШБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Шынымен, пайдасы бар, өте керекті дүние. Әсіресе түнгі уақытта, ұзақ жолда ұйқы тартпайды емес, тартады, ұйқы қысады. Сондай кездерде керек дүние ғой, негізі, пайдалансақ өте жақсы.
Ізденімпаз оқушылар мыңдаған талантты жас қатысатын халықаралық байқауда жобасын таныстырып келді. Құрылғы жоғары бағаланып, нарықтағы маңызы мен жобалаудағы асқан шеберлігі үшін екі бірдей жүлденің жеңімпазы атанды.
НҰРЖІГІТ БОТАБЕКОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқушыларымыз халықаралық деңгейдегі жарыста өздерінің ойлап тапқан өнертабысын көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Біз өте қуаныштымыз! Себебі біздің мектебіміздің бір мақсаты, миссиясы – оқушылардың теорияда алған білімдерін, практикада қолдануға көмектесу. Және біз осы нәтижеге өте қуаныштымыз.
Құралдың қазіргі құны 30 мың теңгеге бағаланды. Ал оны көбірек құрастырып сату үшін демеуші қажет. Оқушылар жобаға демеуші табылғанша, оны әрі қарай жетілдіре түсуді ойлап отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.