Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Ал Ресей президенті шақыртуды қабыл алды. Дәл қазір Кремльдің Георгий залында екі ел басшыларының келіссөзі өтіп жатыр. Сапар аясында бірқатар екіжақты маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей басшысы бүгін түстен кейін Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алды. Протокол бойынша екі елдің әнұраны шырқалды. Екі президент бір-бірінің делегациясымен қол алысты. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөзге кірісті. Біздің Президенттің Ресейге мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталған болатын. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр еліміздің мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы салтанатпен сап түзеп өтті.
Мемлекет басшысы Орал қаласында өтіп жатқан ХХІ Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысады. Қазақстан Сауда және интеграция министрі форумда екі ел арасындағы бірлескен жобаны 30 млрд долларға дейін ұлғайтамыз деді. Бұл бастама энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі саланы қамтиды.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
– Қазақстан мен Ресей қазіргі таңда 14 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың жалпы құны 4,4 миллиард АҚШ доллар, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Болашақта қосымша 29 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр, олардың жалпы құны 30,8 миллиард доллар болып, 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы білім беру және кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық басты бағыт болып қала береді. Дуалды оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып, құзыреттілік орталықтары құрылып, академиялық мобильділік дамып жатыр. Қазіргі таңда Ресейдің жоғары оқу орындарында 55 мыңнан астам қазақстандық білім алса, Қазақстанда екі мыңнан астам ресейлік азамат оқиды. Мұндай өзара әрекеттестік ортақ білім кеңістігін қалыптастырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.