Түркістан облысының Жетісай ауданы Көрікті ауылындағы 600 орындық жалғыз мектеп сабақ өткізуге жарамсыз. Қабырғасынан күннің сәулесі түсетін білім ошағын мұғалімдер өз бетімен жөндеуге кіріскен. Тіпті болмаған соң, кейбірі демеуші іздеп жер-жерге хабар таратып жатыр.
Бұл – мектептің қазіргі көрінісі. Осыдан 12 жыл бұрын салынған нысанның бірінші қабатында еден шөгіп, кабинетте сабақ өту қауіпті бола бастады. Спортзал да адам шошырлық күйде, қабырға қақырап кеткен.
Жаңбыр жауса шатырдан да су сорғалайды. Білім ордасының басшылығы егер жөндеу жүргізілмесе, ғимарат қабырғасы оқушылардың үстіне құлап кетуі мүмкін деп қорқады. Екі сынып бөлмесіндегі бетондарды мектеп қызметкерлері бұзып жатыр. Өздері демеуші іздеп, жөндеп алуды ойлап отыр.
СТҰРЫСБЕК АПБАЗОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Үш жыл бұрын күрделі жөндеуді қанша сұрағанымызбен мектепке ақша бөлінбеді. Ағымдағы жөндеуге смета жасалды, бірақ ол сұранысымыз да қанағаттанбады.
Аудандық білім бөлімінің басшылығы мәселені енді ғана назарға алып, облысқа хат жолдаған.
ШОҚАН АДАЙБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А:
-Жөндеу жұмыстары бойынша сметалық есептеме дайындалған 88 миллион 378 мың теңгеге смета дайындалған. Қазіргі таңда арнайы облыстық білім басқармасына бюджет қарау мақсатында ұсынылған. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіледі.
Ауыл тұрғындары мәселе дер кезінде шешілмесе, балалардың өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаулы. Жетісай ауданында осындай 10 мектеп қаражаттың жоқтығынан жөнделмей тұр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.