СҚО-да Шаховское ауылында бірнеше мың қаз өліп қалған

Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір ауылда үй құсы жаппай қырылып жатыр. Мәселен, 10 шақты күннің ішінде Шаховское елді мекенінде бірнеше мың қаз өліп қалған. Шығынға әбден батқан тұрғындар биліктен өтемақы талап етіп отыр.

Қала іргесінде орналасқан Шаховское ауылының тұрғыны Жанат Ғаббасовтың құс шаруашылығымен айналысқанына 9 жыл. Бірінен соң бірі жаппай қырылып жатқан қанаттыны көріп аң-таң. Соңғы үш күнде 900 қаздың жартысы қалған.

ЖАНАТ ҒАББАСОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Бес жарым миллион несие алғам. Оны немен, қалай төлеймін білмеймін.
Ал Әдемі Қалмұрзина 35 миллион теңге несие алып, көктемде 7 мың қаз сатып алған. 2 жарым мыңнан астамы қырылып қалды.

ӘДЕМІ ҚАЛМҰРЗИНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Құстың іші өтеді, Су ішпейді, жем жемей қояды. Артынша көздері жасаурап кетеді. Кейін басы айналып, бір тәулікке жетпей құлайды. Біздің ойымызша бұл – құс тұмауы.

Шаховское ауылында 280-ге жуық үй бар. Тұрғындардың дені құс ұстайды. Мамандардың айтуынша, бүгінде елді мекендегі қаз-үйрек 35 мыңнан асады. Сондықтан ветеринар шығармай бағуды өтінді. Қора-қопсы жақында залалсыздандырылады. Ал өлексе саналады, кейін өртеледі. Ол үшін арнайы орын әзірленген. Осы жағдайдан кейін комиссия құрылмақ. Әзір елді мекен карантинге жабылмайды.

Айта кетейік, қыркүйек айында осы Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылында да төрт жарым мыңнан астам үй құсы қырылып қалған болатын. Сараптама қорытындысы олардың пастереллез ауруына шалдыққанын көрсетті.

———————————————