Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетін көмек көлемі жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл да салаға бірқатар өзгеріс енгізілді. 4 ауру түрі әлеуметтік маңызы бар тізімнен алынып тасталады. Бұл өзгеріс азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің қысқаруына әсер ете ме?
Елімізде әлеуметтік маңызы бар аурудың тізімі жаңартылды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір ауру түрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген пакетінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ауыстырылмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл ем- дом көмегін еш қысқарту емес, оңалту шаралары емделушілерге толық көлемде көрсетіледі.
ТИМУР МҰРАТОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Біз тек бір пакеттің қызметін екіншісіне ауыстырдық. Кейбір азамат сақтандыру жүйесіне тіркелмеген болуы мүмкін. «Д» және «Е» санатындағы азамат үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейді. Ал егер адам жұмыссыз болса, ол әлеуметтік қорғау орталығына барып, уақытша жұмыссыз ретінде тіркелуге толық құқығы бар.
Денсаулық сақтау вице-министрінің мәліметінше, мұндай азаматтардың саны шамамен 60 мыңға жуықтайды. Оларды медициналық сақтандыру жүйесіне қосу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жалпы Қазір елімізде 3,4 миллион адам амбулаториялық жағдайда тегін дәрілермен қамтылған. Оның жартысынан көбі МЭМС жүйесі арқылы тиісті препаратқа қол жеткізіп жүр.
ӘСЕЛ ҚЫДЫРАЛИЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған тізім қысқарғанымен, пациент үшін медициналық көмектің көлемі еш қысқармайды. Толыққанды дәрілермен қамтамасыз етіледі. Оңалту шаралары қажет болған жағдайда толық көрсетіледі.
Мәселен, бүгінгі таңда қант диабеті ауруымен 500 мыңнан астам азамат диспансерлік есепте тұр. Оның 90 пайызында медициналық сақтандыру бар. Қалған 4 пайызы – әлеуметтік әлсіз топ, олардың жарнасы жергілікті әкімдік есебінен төленеді. Мамандардың айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілетін көмектің көлемі жылдан-жылға кеңейіп келеді. «Реформаның басты мақсаты – медициналық көмектің бірыңғай әрі әділ жүйесін қалыптастыру», — дейді мамандар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.