2028 жылға дейін Жамбыл облысында он су қоймасы салынбақ. Жергілікті билік осылайша көршілес Қырғызстанға тәуелділікті азайтпақ. Күні бүгін аймақтағы дихандар суаруға қажетті судың 80 пайызын айыр қалпақты ағайындардан алып келеді. Келешекте қоймаларға жиылатын тіршілік нәрін, суғару маусымдарында пайдалану жоспарда. Сонымен қатар өңірдегі қазіргі қолданыстағы 45 гидроқұрылымдар мен Сарысу, Қордай және Жуалы аудандарындағы су қоймалары жаңғыртылмақ. Солардың бірі – Теріс-Ащыбұлақ. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген нысан әлі күнге еш жөндеу көрмеген. 2018 жылы су қоймасына зерттеу жүргізген мамандар онда жарықтың пайда болғанын анықтаған. Бұл жердегі суды Жамбыл және Жуалы аудандары алқаптарды суаруға тұтынып келеді. Қазіргі күні су қоймасын қайта қалпына келтіру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.