Әскердегі жаңа жүйе: сарбаздар медициналық машықты да меңгереді

Қазір елімізде азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздар әскери машықпен бірге медициналық та білім алып шығады. Яғни кез келген сәтте алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге әзір болады. Қорғаныс вице-министрі Қаныш Әбубакіров кезекті баспасөз турында осылай деп айтты. Сондай-ақ қорғаныс саласында әскери нысандар модульдік жылжымалы кешендермен ауыстырылуда.
Ел аумағында 16 әскери госпиталь мен лазарет және тәулік бойы көмек көрсететін 130-дан астам тактикалық медициналық бөлімше жұмыс істейді. Біз бүгін оңтүстік гарнизондарға арналған баспасөз туры кезінде алдымен Талдықорғандағы әскери госпитальға табан тіредік. Тісі ауырған, іші ауырған сарбаз ем дом алып жатыр. Бірақ енді ғана әскер қатарынан алынған жас жауынгерлердің бірде-бірі әлімжеттік көрмегенін айтады. 75 орындық госпитальға заманауи үлгідегі медициналық құрал жабдықтар тегіс сатып алынған. МРТ, УЗИ, тіпті дәрі-дәрмектің қоры жасақталған. Әсіресе жылжымалы далалық әскери госпиталь қарулы күштер үшін аса қолайлы. «Бұл құрастырмалы далалық госпитальдар төтенше жағдайлар кезінде таптырмас дайын аурухана», — дейді вице-министр.

Қазақстандағы әскери нысандар 60-70 пайызға тозған.Енді олардың орнына жаңа үлгідегі модульдық казармалар салына бастапты .Мұнда әскери штабтан бастап асхана, оқу кабинеттері, сарбаздарға қажет тұрмыстық бөлмелер бар.Талдықорғандағы жаңа да жайлы казармада 70 сарбаз тұрып жатыр. Жақында олардың қатары әскер қатарына алынған 30 жаспен толығады. «Бұл да әскери қажеттілік», — дейді ведомства басшылары. Өйткені модульдік нысандар құрастырылған және 4 рет көшіріп қоюға болады.

———————————————