70 жылдан кейінгі ерекше кездесу. Соғыс жылдары департацияға ұшырап, қазақ отбасын паналаған шешен қызының ұрпағы Ақтөбеге арнайы келді. Кезінде әке-шешелері күштеп қоныс аударылған өлкеге ат басын бұрған қонақтар сол бір зұлмат жылдары қамқорлық танытқан Таңқаевтар әулеті мен қазақ халқына алғысын айтты.
Бұл – Таңқаевтар отбасының Шешенстан Республикасынан келген қонақты қарсы алу сәті. Меймандар екі мың шақырымнан астам жолды артқа тастап, қазақ бауырларын іздеп келген. Нақтырақ айтсақ, 1944 жылы депаортациямен Шахта ауылына қоныстанған Мирса Абубакирова есімді 8 жастағы қызды осы әулет бауырына басады. Осылайша, ол 10 жылдай қазақ отбасында тәрбиеленеді.
ДАРАЖА БАҚТЫКЕРЕЕВА, СҮЛЕЙМЕН ТАҢҚАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ:
— Түнгі уақыт. Шырылдаған, жылаған қыздың дауысы шықты. Сосын бұл не екен деп қорықтық. Дегенмен әкем сыртқа шықты. Бір қызды жетектеп келді. О екі қолымен әкемнің етегінен ұстап алған. Ешкімге бармайды. Қазақша сөйлеп үйреніп кетті. Таза қазақша сөйледі. Өте пысық қыз еді.
Мирса Абубукирова Таңқаевтар әулетінде 1953 жылға дейін тұрған. Кейін отанына оралады. Сол бір қиын кезде мейірбандық танытқан қазақтың жомарттығын ұрпақтары ұмытқан емес. Айта кетейік, екі отбасының қайта табысуына Асқар Танқаев себепкер болды.
АСҚАР ТАҢҚАЕВ, СҮЛЕЙМЕН ТАҢҚАЕВТЫҢ ҰЛЫ:
— «Шалқар ауданы Шахта деген жерде Үйшібір станциясында депортацияда болдық. Сонда мен қазақ отбасында тәрбиелендім», — деп өзі айтқан. Өмірден өтер кезіне дейін көзіне жас алып балаларына айтып отырған. Балалары хат жазып, өздерінің қазақ халқына деген алғысын жаудырды.
АРБИ ЭКМУРЗАЕВ, МИРСА АБУБАКИРОВАНЫҢ ҰЛЫ:
— Анамызға туған баласындай қарады. Қиын кезде тамақтандырды, киіндірді, барын берді. Осы үшін рақмет айтамыз. Біз бұл кездесуді жылдар бойы күттік. Сапарымыз оң болып, қазақ халқының кеңпейіл, мейірімді екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Шалқар ауданындағы Шахта ауылы 2000 жылдары жабылған. Дегенмен тұрғындар сол маңда жерленген түрлі ұлт өкілінің рухына арнап ескерткіш орнатты. Ал қауышқан екі отбасы енді екі ел арасындағы достықты бекемдеу үшін байланысты үзбеуге уағдаласты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.