Көмір өндірісіндегі еңбек өтілі 219 жылдан асқан Тұрсынбаевтар әулеті көпке үлгі

Екібастұзда маңдай терімен мәртебе тапқан еңбек әулеті – Тұрсынбаевтар отбасы тұрады. Әулет мүшелерінің жиынтық еңбек өтілі – 219 жыл. Бірнеше ұрпақ бойы Тұрсынбаевтар өз өмірін көмір өнеркәсібінің теміржол саласымен байланыстырып, бір кәсіпорында табанды еңбек етіп келеді.

Тұрсынбаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Павлодар облысының намысын абыроймен қорғады. Кәсібіне адал, отбасылық дәстүрді берік ұстанатын жанұя ретінде марапатталды. Бұл әулеттің Жұмысшы мамандықтары жылында құрметке кенелуі тегіннен емес.

СЕЙФУЛЛА ТҰРСЫНБАЕВ, ЕҢБЕК ДИНАСТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Менің әкем 1957-1960 жылдары экскаватор машинисі болып жұмыс істеді, шешем компрессор станциясында қызмет етті. Разрез жақын болғасын жаяу барып көріп отыратынбыз. Шешеме еріп, компрессор станциясына барғанда, разрезде істесем ғой деп ойлайтынмын. Сол бала кезімдегі арманымды орындадым.

Сейфулла Тұрсынбаев – соғыс ардагерінің ұлы, қарапайым шахтерлар әулетінен шыққан. Салада 47 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол теміржол жабдықтары мен техниканы жөндеу бойынша бас технолог қызметін атқарады. Көп жылғы адал еңбегі үшін бірнеше марапатқа ие болған.

ВАЛЕРИЙ ТЕРЕШКОВ, ӘРІПТЕСІ:
— Сейфулла Хайроллаұлын жауапкершілігі жоғары маман, үлгілі отбасы иесі, өз ісін өте жақсы білетін, адаммен тіл табыса алатын жан деп айтар едім. Ол ешқашан жанжал тудырмайды, жұмысты әрдайым адамдар өздері ынтамен орындайтындай етіп ұйымдастыра алады. Мұны екінің бірі істей алмайды.

Отбасылық дәстүрді сақтап, еңбек әулетінің берік тірегіне айналып отырған – шахтердің жары Айгүл Тұрсынбаева. Ол да кеніште 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, жауапты қызметті үй шаруасымен үйлестіріп келеді. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп, оларға еңбекке құрмет пен білімге құштарлықты дарытқан.

АЙГҮЛ ТҰРСЫНБАЕВА, ЖАРЫ:
— Біздің төрт баламыз бар, екі ұл, екі қыз. Төртеуіне де жоғары білім бердік. Қазір жеті немереміз бар. Біз оларды кішкентайынан мейірімге, үлкенге құрмет көрсетуге, еңбекқор болуға баулып өсірдік. Немерелеріміз еңбекке үйренген, әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі.

Екібастұздың мақтаулы еңбек әулеті – елге сіңірген еңбектің, отбасы бірлігінің және мамандыққа деген құрметтің шынайы үлгісі. Олардың еңбек жолы нағыз құндылықтар отбасында басталып, ұрпаққа аманат болатынын айқын көрсетеді.

———————————————