Қағаз теңгені шығаратын Банкнот фабрикасынан эксклюзив кадрлар ұсынамыз

15 қараша –Ұлттық валюта, төл теңге күні. Өз салмағы мен бағамы бар ақшамыз бүгінде, әлемдегі ең қауіпсіз валюталардың бірі саналады. Дизайны ерек, реңі бөлек банкнот ретінде де мойындалған. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, жаңа банкнот үлгісін әзірлеуге 1 жылдай уақыт кетеді. Кейін Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында құрылған Монета сарайында бастырылып шығады. Ал Алматыдағы Банкнот фабрикасы қағаз ақшаны шығарады. Дәл осы фабрикада түсірілген эксклюзивті кадрларды назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл – Алматыдағы Банкнот фабрикасында қағаз теңгені басып шығаратын құрылғы. Ғимаратқа кез келген адам кіре алмайды. Ал бейнежазбаны біздің арнаға Ұлттық банктің баспасөз қызметі ұсынды. Эксклюзив кадрға жатады.

ЕРЛАН ҚОЖАМҚҰЛОВ, ҚР ҰБ БАНКНОТ ФАБРИКАСЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ:
– 1995 жылдан бері осы Банкнот фабрикасында оператор болып жұмысымды бастадым. Банкноттарды кесу машинасымен жұмыс істеп жүрдік. Қазір Сut-and-pack машинасы алынды. Жұмыс кішкене жеңілдеді.

Жаннұр Сахиева, тілші:
– Дәл осы фабрикада сынақ ретінде басып шығарылған «Алтын балық» жобасы, міне, қолымызда. Бұл айналымға түспейді. Банкнот фабрикасы өндіріске жібермес бұрын қорғаныш элементін сынақтан өткізу үшін тест-басылым жүргізеді. Бұл кезеңде нақты банкнот қағазы емес, қарапайым сынақ парағы пайдаланылады. Мамандар баспа машинасының тіркеу дәлдігін миллиметрмен өлшейді. Қорғаныш элементтің басылу сапасын, жасырын суреттер, тіпті бояу реакциясына дейін тексереді. Мысалы, мына қағазды жарыққа тоссаңыз Ромеоның Джулеьеттасын көруге болады.

Жалпы Қазақстанның банконт басу шеберлігін халықаралық банкнота бірлестігі әлдеқашан мойындаған. Ұлттық валюта теңгеміздің аса қауіпсіздігі, қайталанбас дизайны, көз тартарлық әдемілігімен таң қалдырған. Валюта елдің тарихы мен мәдениетін көрсетеді. «Сондықтан әр концепцияны әзірлеуден бастап, дайын өнімді шығарғанға дейін бір жыл уақыт кетеді», — дейді мамандар. Жалпы, бакноталардың түр-сипаты мен дизайны Президент бекіткен соң баспаға жіберіледі. Сосын айналымға шыға бастайды. Жалпы Ұлттық банк түрлі мерейтойлық шараларға арнап, ерекше номиналды банкнот шығарады. Оның ішінде түрлі коллекциялық монеталар да бар.

———————————————