Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды

Атырауда 23 жастағы бойжеткен Яна Легкодимованың өліміне қатысты іске бүгін нүкте қойылды. Жас қызды аса қатыгездікпен өлтірген екі айыпты өмір бойына сотталды. Судья олардың кінәлі екендерін толық дәлелдеп, барлық детальді жіпке тізді.
Сағат 11-де өтеді деп белгіленген сот отырысы бір сағатқа кешіктіріліп басталды. Залда ине шаншар жер болмады. Судья дүйім жұрттың жағасын ұстатқан қанды қылмысқа қатысты іске нүкте қойды. 23 жастағы Яна Легкодимованы аса айуандықпен өлтіріп, қатыгездік танытқан екі күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, СУДЬЯ:
— Сот шешімімен Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жаза мерзімі олардың ұсталған күні 2024 жылғы 22 қазаннан бастап есептеледі. ҚР ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, Қайыржанов пен Катимовтың үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыты жазаның бір күніне бір күн есебімен толықтай қосылады.

Көзіне жас алған марқұмның анасы судьяның үкімімен толық келісетінні айтты.

ГАЛИНА ЛЕГКОДИМОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Мен әуелде жеңілген адамын. Қызымнан айырылдым. Нағыз қанышерлер тиісті жазасын алды деп ойлаймын. Осы күнге дейін қолдау көрсеткен, жан-жақтан демеу білдірген адамдарға алғысым шексіз.

Енді сотталушылар марқұмның анасына екі млн теңгеге жуық материалдық шығынды өтейді. Ал моральдық өтемақы ретінде әрқайсысы жәбірленуші тарапқа 15 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Еске салсақ, 23 жастағы Яна Легкодимова бір жыл бұрын із-түзсіз жоғалған. Кейін күдікті ретінде екі адам ұсталды. Олар бойжеткенді өлтіріп, денесін Жайық өзеніне тастаған. Марқұмның денесі сегіз айдан кейін табылды.
———————————————