Тұмау неге әдеттегіден ауыр өтіп жатыр?

Елде тұмау жұқтырғандар көбейді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Гонконг тұмауының таралып жатқанын растап отыр. Бұл вирусты 500-ге жуық адам жұқтырған. Оны емдеу жодары қандай? Эпидемиологиялық жағдай қашанға дейін созылады?
Биылғы маусымдық вирустың беті қайтар емес. Астана тұрғындары тұмаудың әдеттегіден ауыр өтіп жатқанына алаңдаулы. Көпшілігінде дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, жөтел мен тамақтың ісінуі жұрттың мазасын әбден қашырған. Вирус әсіресе балалар арасында өршіп тұр.

ЛЮБОВЬ АЛЕКСЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Немерелерімде өте жоғары температура болды. Алты күн бойы 40 градусқа дейін көтеріліп, түспей қойды. Тамақтары қатты қызарып, жөтел бірнеше күн басылмады. Бұл жолғы тұмау мүлде басқаша. Былтыр да ауырдық, бірақ былай қатты болған жоқ.

Емханаға жүгінетіндер де көбейген. Күніне дәрегерге 50-ге жуық науқас қаралады. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау жиілеген. «Ауруға қарсы ем дер кезінде жасалмаса, ол өкпенің қабьнуы, пневмония, бронхитке дейін асқынуы мүмкін», — дейді маманжар.

НАЗЫМ ҚҰРМАНҚҰЛОВА, №8 ЕМХАНА ДӘРІГЕРІ:
— Біз басқа түрі деп қарап жатқан жоқпыз. Диагнозды тұмау деп қойып жатырмыз. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балаларда анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты тез асқынулар болуы мүмкін. Сол үшін ауру басталғанда үй жағдайында ем жасамай, дәрігерге қаратқан жөн. Ата-аналар кейде тез жазылуы үшін антибиотиктерден бастап кетеді. Бұл ауруда антибиотиктің көмегі керек емес. Тек симптоматикалық емдеу керек.

Биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы бір миллион төрт жүз мыңға жуық адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған. Тек өткен аптада ғана 150 мыңнан астам жағдай тіркелді. Ал қыркүйек айынан бері тұмау 600-ге жуық адамда анықталған. Соның 578-і – Н3N2 штаммы, яғни Гонконг тұмауы.

ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, СЭБК БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Тұмаудың жаңа штамдары, жаңа түрлері пайда болған жоқ. Бұл былтыр да, алдыңғы жылы да біздің елде айналымда болған. Ешқандай тың вирус емес, сол үшін қатты дүрбелеңге салынып, үрейленудің қажеті жоқ.

Вирус өршіп тұрған тұста вакцинация жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл 2 миллион 100 мың доза екпе сатып алынған. Қазірдің өзінде 2 миллионға жуық адам маусымдық тұмауға қарсы егілді. Мамандар эпидемиологиялық жағдайдың сәуір айына дейін жалғасатынын ескертіп, халықты сақтық шараларын ұстануға шақырады.
———————————————